Алматыда кәсіпкерлер ақша үнемдеу үшін алаяқтыққа барған
«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны кейбір тұтынушылар ақша үнемдеу үшін заңды бұзып, алаяқтыққа барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі InAlmaty.kz порталына сілтеме жасап.
Аталған кәсіпорынның қызметкелері бір айдың ішінде 562 заң бұзу дерегін анықтаған.
«Тек мамыр айынының өзінде осындай 102 заң бұзу фактісі белгілі болды. 109 кәсіпкерлік объектісі су мен кәріз жүйесіне ақшаны тұрғындарға арналған тариф бойынша төлеп келгені анықталған. Заң бұзу деректерінің ішінде есептеу құралындағы пломбаны алып тастау, есептеу құралындағы сандарды өзгерту үшін түрлі әрекеттер жасау, суды пайдалану көлемін жасыру, тұрғын үйде тұрып жатқан азаматтардың нақты санын көрсетпеу сынды әрекеттер бар», - делінген хабарламада.«Алматы су» МКК берген ақпаратқа сәйкес, рейдтер күн сайын жүргізіледі. Тексеру жұмысына кәсіпорынның 100-ден астам қызметкері қатысады.
«Жоғарыда анықталған деректер бойынша коммуналдық қызметті пайдалану және келісім шартты бұзғаны үшін қосымша ақша есептеледі. Заң бұзу деректерінің ең тиімді шарасы – үйді орталық су құбыры жүйесінен ажырату. Мұндай жаза келісімшартты бұзғандар, су қызметі үшін ақша төлемей жүргендер үшін қолданылады», - дейді кәсіпорынның баспасөз қызметі.Қазіргі таңда «Алматы су» МКК-нің «қара» тізімінде жүздеген коммерциялық мекемелер мен 500 жеке үй бар.