Адам есімі тағдырына әсер ете ме?
Асыл дініміз ата-анаға баласының алдында үш нәрсені міндет етеді. Олар: туғанда жақсы ат қою, дінге тәрбиелеу, үйлендіру.
Шариғат заңы бойынша, жаңа туған нәрестеге үш күннің ішінде азан шақырып ат қойылу керек. Басқа дүниеде жан мен тән адасып қалмас үшін сәбидің құлағына өз атын үш рет айқайлап айтудың маңызы зор. Қазіргі жантану ілімінің айтып жүрген бұл тұжырымдарын атам қазақ сонау заманда-ақ «азан шақыру» деп атап, айдар таққан.
Кісі есімі өзіне ғана тән жалғыз еншісі екен. Сол себепті де әр адамды есімін бұзбай өз атымен атау маңызды. Ал кісі есімі тағдырына әсер ететінін білдіңіз бе?
Әдетте балаға есім таңдағанда ұлы тұлғалардың ныспысын ырымдап беріп жатады. Ондағысы сол адамға ұқсасын, жолын берсін деген ниет. Мысалы, Қазақстанда Абай атын иеленгендер көп. Сондай-ақ тұлғалардың тегімен бірге бір есім етіп қою да кездеседі. Мысалы балаңыздың аты Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин болса, қалай?!
Әрбір ата-ана баласына есім қоярда үлкен жауапкершілікті сезіну керек. Ғалымдардың пайымдауынша, қойылған есім адам өміріне әсер етеді. Психологиялық, магиялық, басқадай жақтарды былай қойғанда, бір күннің ішінде есіміңізді қанша рет естісеңіз, сонша рет ол сіздің тағдырыңызға әсер етеді. Мысалы есіміңіз Айгүл, Әйкерім, Айкөркем болса, сізді әр шақырған сайын көркемделіп, сұлулана түсесіз. Ол үшін тек әр адам өз есімінің мәні мен мағынасын түсініп, соны барынша қабылдай алуы керек. Яғни, адамды көркем есіммен атаған сайын оның жан дүниесі де соған сай көркемделе түседі.
Адам есімі тағдырына әсер етеді дегеннен шығады, кей есімдер иесіне ауырлық ететін жайттар да кездеседі. Бұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Ширек ғасырдан астам ел басқарып, Қазақстанға ғана емес, Одақ республикаларына сыйлы болған Дінмұхаммед Қонаевтың есімі баршаға белгілі. Қайраткерді көпшілік «Димаш» деп атап кеткені де мәлім. Халық ұлына айналған тұлғаның есімін қажылыққа екі рет жаяу барып келген атасы Жұмабай деген кісі қойған екен. Бір күні Дінмұхаммед атамыз аса бір дертке шалдықса керек. Содан ем іздеп шарламаған жері қалмаған ата-ана бір қазақы емшіге жолы түседі. Сонда әлгі емші балаға есімінің ауырлық етіп тұрғанын айтқан екен. Содан бастап Дінмұхаммед Қонаевты көпшілік «Димаш» атап кеткен екен.
Бұндай оқиғалар тарихта көптеп кездеседі. Сонымен қоса, баланы еркелетіп басқа есіммен атау да көп. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың шын аты Мұхаммед Қанафия болса, Абай Құнанбайұлының азан шақырып қойған есімі – Ибраһим болған. Бұндай мысалдар тарих пен әдебиетте жетіп артылады. Аты түркі халқына түгел таныс болған тұлғалардың есімдерінің өзі лақап атпен аталғанына қарасақ, кісіні лақап есіммен атау, сірә, әбестік емес. Бірақ адамды азан шақырып қойған атымен атамаса, арғы дүниеге қайтқанда жан мен тән адасып қалады деген де бар. Лақап ат қою әбестік емес деген күннің өзінде, оның өзі мағынамен, астармен болса жөн. Қазіргі кезде қазақы нақыштағы атын құп көрмей өзінше «жаңаша есім» иеленгендер өз тағдырына қай тұстан әсер етіп жатқанын білгені абзал.
Сондай-ақ, ауданымыздың тумасы, ақын, ұстаз Балашбек Шағырұлының әкесінің есімі Үсен болғанын айтып өткеніміз жөн. Көпшілік біле берейтін бұл ақпаратты біз ақынның ұрпақтарынан естідік. Аудан, облыс жұртшылығына Шағырұлы деген есімді кеңінен танытқан ұстаздың әкесін кішкентай күнінен жеңгелері бастап туған-туысы Шағыр атап кеткен. Үсен ақсақалдың кішкентайынан көзі өткір әрі көкшіл-жасылдас болып тұрады екен. Соған қарап жеңгелері Шағыр атап, Үсен аты біртіндеп ығыса берген. Кейін бірыңғай «Шағыр» атанып, тіпті балаларына да Үсенұлы емес, Шағырұлы тегі берілген. Лақап ат кейде осындай жағдайларға орай беріледі. Мысалы, қалды кісіні Қалдыгүл, Анарбек деп атау да осы түсініктен пайда болған. Бұл жерде де балаға есімі ауырлық етудің астары жатуы әбден мүмкін.
Кісіге қойылатын есімдер заманға сай өзгеріп отырады. Заманының озық тұлғасымен атап, балам соған ұқсасын десе жөн ғой, бір кездері түрік сериалындағы кейіпкерлердің атын қоятындар қаптап кеткені бар. Еліміздегі 19 миллион халықтың ішінде есімі ерекше жандар көп. Оның ішінде Қазақстан, Астана, Елбасы деген тұрғындар да бар. «Естімеген елде көп» деген осындайда айтылса керек. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміз аттастар саны 32-ні құрайды. Яғни осынша адамның аты – Қазақстан. Қызық па? Онымен қоса, 86 Теңге, 26 Астана, 67 Елбасы деген есімді иемденген тұрғын бар екен. Сондай-ақ еліміз бойынша бір адамның аты – Атазаң, бір кісінің есімі – Тәуелсіздік екен. Ару-Астана деген де жалғыз есім кездеседі. Ал керісінше Нұрсұлтандар көп. 44 378 Нұрсұлтан есімді адам бар. Сондай-ақ биылғы ораза кезінде елімізде 1085 Рамазан есімді ұл бала дүниеге келген. 2020-2021 жылдың дерегі бойынша қыз балаларға ең көп қойылған есім – Медина болса, ұл балаларға Әлихан есімі жиі берілген.
Не десек те, жаңа туған сәбиге қойылған есім онымен бірге мәңгілік жасасатын нәрсе. «Адамның есімі – жарты ғұмыры» деген және бар. Осы ретте мағынасы айқын, әдемі, айшықты есім беру маңызды. Есімдер де күнделікті қолданыстағы сөздер сияқты кезең-кезеңмен өмір сүріп, заманына сай жаңарып, ескіріп отырады. Сондай-ақ заманында қойылған кісі есімі сол кезеңнен хабар беріп, шежіредей сыр шертеді. Сондықтан да балаңызға ат қойып, айдар таққанда ұлттың ұлылығын, халықтың даналығын паш ететін әдемі есім таңдағаныңыз абзал.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ