Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам тағдыры есіміне байланысты

Адам тағдыры есіміне байланысты

Өмірдің бір қызығы бала деген,
Баласыз көңіл шіркін тола ма екен, – деп хәкім Абай айтпақшы, өмірдің мәні, жалғасы ол – перзент. Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана болмасын перзентінің ел-халқына қызмет етіп, абыройлы, иманды болғанын қалайды. Сондықтан ана құрсағында шарана біткеннен бас­тап тәрбиелеп, оны жарық дүниеге икемдей бастайды. Соған орай сәби іште жатқаннан оның есімін ойластырады. Өйткені балаға ат қою оның бүкіл өміріне тікелей әсер етеді.
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге есім қоюдың маңызы өте зор. Жаңа туған нәрестеге есім таңдауда қазақтан асқан дана, шебер халық жоқ. Балаға ерекше мейірімділік танытатын ұлтымыз ұрпақ тәрбиесінде есім қоюға аса жауапкершілікпен қараған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, нәрестеге жақсы есім қоюды үрдіске айналдырған. Себебі жақсы есім баланың бағын жандырса, керісінше жағдай оның болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Дана халқымыз жаңа туған сәби болашақта сыйлы адам болсын деген үмітпен ата-анасы балаға ат қою үшін жасы үлкен, құрметті кісіні шақырған. Сәйкесінше, жақсы есім таңдап, оны нәресте құлағына үш рет айтады. Осылайша есім қою рәсімі жөн-жоралғымен жасалады. Осы тұста қазақ халқы кісі есімін әртүрлі себептерге байланыс­ты қоятын болған. Мәселен, сыртқы келбетіндегі ерекшеліктерге қарай туа біткен қалы бар балаларға Қалдыбай, Меңдібай, Меңдігүл, Меңдіқұл деген аттар қойылған. Ал көз, шаш, тері түсіне байланысты Қаракөз, Қарашаш, Ақбөпе, Қарабала деп атаған.
Одан бөлек есім қойғанда ырымдап қою да жиі кездеседі. Балалары жиі шетіней беретін отбасында жаңа туған сәбиге Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл, Жүрсін, Өлмес деп ат қойған. Егер ылғи қыз бала туа берсе, оларды Ұлбала, Ұлтай, Ұлтуған, Ұлжан, Ұлболсын деп ат қойса, шала туған балаларға Шалабек, Шалабай, Лекер, Жартыгүл деп ат берген.
Кейде естігенде адам есімі жағымсыз болуы мүмкін. Алайда оны ата-аналары балаларына жын-перілердің көзі түсіп, алып кетпесін деген үмітпен қоятын бол­ған. Жаманкүл, Итжемес, Шоқпыт, Елеусіз, Көтібар, Тезекбай, Шылғаубай деп қойғаны осыған мысал.
Кей есімдерден баланың дүниеге келген уақытын білуге болады: Айжарық, Таңатар, Жұмабике, Бейсенбай, Дүйсен­күл, Базарбай, Қауыс, Шілдебай, Ма­мыр­күл, Айткүл, Рамазан дегенде адам­ның туған уақыты білінеді. Ал кейде болған оқиғаларға байланыс­ты қойылатын есімдер де кездеседі. Мәселен, Бигелді, Жауғашты, Үдербай, Бай­көш­кен, Жаң­бырбай, Дауылбай. Бұл тізбекте Еділбай, Алтай, Мешітбай секілді жер атын қоя­тындар да бар. Айта берсек мұндай мысалдар көп.
Жалпы қазіргі таңда заманауи есім­дер қою әдетке айналған. Көпшілігі шетелден енген есімдермен сәби атын атауға бейімделім алғандай. Кейбірінің мағынасын да түсіну қиын. Ал ежелден келе жатқан үрдіспен мәнді, мағыналы есім қоюды ұстанып келе жатқандар жетерлік. Сондықтан адамның тағдыры есіміне байланысты болған соң оған жақсы есім қойған абзал.
Тағы бір айта кететіні егер баланың аты қарапайым болса, оның өз ортасында беделі мен өзгелердің оған қызы­ғу­шылығы арта түседі. Мұндай есім­дерді қысқартып айтуға да ыңғайлы көрінеді. Ал даңқты тұлғалардың есімі бер­ілген бүлдіршіндер өскенде өзі аттас тұлғалардың кәсібіне қарай бейімделуге әзір тұрады екен.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Сол себепті балаға есім таңдауды талғаммен қарап, ел тізгінін берік ұстайтын салауатты ұрпақ тәрбиелеуге атсалысқан жөн. Бір сөзбен айтқанда, есім қойғанда халқымыздың ұлттық менталитетін ескеруміз керек.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ 
16 маусым 2020 ж. 798 0