Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қауіпті ме?

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қауіпті ме?

Бүгінгі күннің өзекті мәселесі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы, яғни бұл аурудың адам өміріне келтірер залалы бойынша Сырдария аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау, халыққа қызмет көрсету және цифрландыру бөлімінің басшысы Балтабаев Данияр Сағидоллаұлымен сұхбаттасқан едік.

Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына тоқталып өтсеңіз?

Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы жедел вирусты, табиғи ошақты, зоонозды ауру. Жылдың жылы мезгілдеріне тән. Кенелер Конго - Қырым геморрагиялық қызба ауруын тасымалдаушы болып табылады. Кене шаққан жағдайда бір ерекшелігі - адам кененің шаққанын сезбейді, себебі кене қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 2 - 3 күн өткеннен кейін ғана кене жабысқан жер қызарып ауырсына бастайды. Вирус адам ағзасына енгеннен соң көпке дейін білінбей, қан тамырларын зақымдайды. Инкубациялық (жасырын) кезең -14 күн.

Әр адамның ағзаларының ерекшелігіне байланысты аурудың жеңіл және ауыр түрі өтуі мүмкін. Сырқат дене қызуының көтерілуінен басталады. Науқастың бүкіл денесі әлсіреп, қызарып, терілеріне бөртпелер пайда болады.Терісінде ине шаншыған немесе шымшыған жерлерде бірнеше минут ішінде терісінде көгеру пайда болады. Көзінің айналасы қызарады, 3 - 4 күннен кейін мұрыннан, асқазаннан, ішектен, қан кетеді. Бұл кезең өте қауіпті.

Аймағымызда Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық ахуалы қандай?

Сырдария ауданы бойынша 2021 жылы Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының нақтыланған 3 оқиғасы анықталды. Биыл жыл басынын бері КҚГҚ тіркелген жоқ, кене шағу жағдайларымен 3 оқиға анықталып, тиісінше тұрғындар 14 күн медициналық бақылау қамтылды. Ошақтар асқынусыз жабылды.
Індетке қарсы қандай іс - шаралар атқарылуда?

2022 жылы 8 елді мекендер Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз болып есепке алынды. Олар: Айдарлы, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, С.Сейфуллин, Іңкәрдария, Қалжан ахун ауылдары. Аудан әкімінің Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында қаулы мен іс - шара жоспары бекітіліп, жоспары бойынша жұмысшы топ құрамы бекітілді. Осыған орай, елді - мекендерде кенеге қарсы дезинфекция жұмыстары сапалы жүргізу мақсатында алдын - ала мал қораларды механикалық тазарту жұмыстары дүргізілуде. Жоспарға сәйкес кенеге қарсы көктемгі улау жұмыстары 27 сәуірде басталады.

Аурудан сақтану үшін аудан тұрғындарына қандай кеңес бересіз?

Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын жұқтырмау үшін бірінші кезекте сақтық шараларын білген жөн.

Табиғатқа барғанда кене адам денесіне енбейтіндей жабық киіну. Кенеден сақтайтын репелленттерді пайдаланып, түсі ашық киімдер кию. Киімге сондай - ақ өзіңе жабысқан кенені анықтау үшін үстіңді мұқият тексеру, қолыңыз жетпеген жерді басқа адамның қарауын өтіну;

Малды сою, қақтау, қырқу, күту кезінде арнайы киімдер кию, қолғаппен жұмыс жасау;

Денемізге кене жабысқанын байқаған жағдайда не жасауымыз керек?

Егер денеңізге кене қадалғанын байқасаңыз, оны жалаңаш қолмен жұлып алмай, қысқышпен(пинцет) немесе жіп орау арқылыалып, кене қадалған орынды иод немесе спиртпен залалсыздандырып, міндетті түрде медициналық мекемелерге тексерілу қажеттілігін назарда ұстаңыздар.
11 сәуір 2022 ж. 826 0