Конго-қырым безгегін емдеуге қор жеткілікті
Аймақта соңғы уақыттары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы өршіп тұр. Бүгінде облыс бойынша 33 науқас тіркеліп, оның 14-і нақтыланған. Өкінішке орай 4 адам конго-қырым геморрагиялық қызбасынан қайтыс болды. Сала мамандары облыс тұрғындарын барынша сақтануға және далалық жерде абай болуға шақырды, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
«Қазіргі таңда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып, 1 науқас ем алуда. Тиісті медициналық ем шаралары қолданылған 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды. Өкінішке орай өңірімізде 4 адам кененің кесірінен қаза тапты. Қайтыс болған науқастар – Қызылорда қаласы, Жалағаш, Шиелі аудандарының тұрғындары. Жалпы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын болдырмау, алдын алу шаралары да көптеп жүргізілуде. Осы ретте тұрғындарды табиғат аясында, далалық жерлерде сақтық шараларын сақтап, кене шаққан жағдайда дәрігердің тағайындауынсыз ем жүргізбей, жедел түрде медициналық ұйымдарға қаралуға кеңес беремін», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.
Былтыр кене шағудың 238 жағдайы анықталса, биыл 601 дерегі тіркелді. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары. Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына қосылған болса, биыл олардың саны 116-ға жеткенін сала мамандары да растап отыр.
«Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жаңа микроошақтарын анықтау мақсатында 40 075 дана кене жиналып зерттелді. Оның ішінде 5174-і – елді мекендерден, 16 765-і – жануарлардан, 17637-сі – табиғаттан, 496-сы ауру ошақтарынан жиналған. Барлығы 4527 сынама зерттеліп, 127-сінен оң нәтиже анықталған. Облыс бойынша медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және т.б. қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті мөлшерде жасақталған», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Айта кетейік, эпидмаусымның басталуына орай қолайсыз елді мекендерде аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық шаралар белсенді жүргізілуде.