Біз жалындаған жастармыз!
Жазғы лагерь – тек демалатын жер емес, әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек онда балалар өздері түрлі форматтағы концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді.
Міне осындай лагерьдің бірі – «Жалын» лагері. Биылғы 2022 жыл «Балалар жылы» болуына байланысты жазғы сауықтыру лагері өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Әртүрлі жастағы балалар түрлі сайысқа қатысып, бір-бірімен танысып, жауапкершілік, ұжымдық жұмыс, ізденіс дегеннің не екенін толық түсінуге мүмкіндік алуда. Біз ұялы телефон, зиянды тағам, ғаламтор желісін бір сәтке ұмытып, таза ауада серуендеуді, күн көзіне шығуды, түрлі дәруменге толы тағамдарды жеуді әдетке айналдырудамыз.
Көңілді лагерьде біз «7 арал» ойынын ойнадық. Түрлі аралға барып, берілген тапсырманы топпен орындап, шапшаңдық пен білімді қатар көрсету – ойын шарты болды. Тиесілі сыйлықтарымызды ала отырып, аралдың бәрін аралап жеңімпаз топты анықтадық. Лагерьде тек талантты бишілер, әншілер, өнерпаздар жиналған. Таланты ашыла алмай жүрген оқушылар өздеріне жолдас тауып, лагерь жан-жақты көңілді өтуде. Балаларға ұнағаны сонша, соңында үйлеріне қайтқылары келмей, достарын қимай қалады. Ондайда олар бір-біріне келесі кезекті демалысқа тағы келеміз деп уәде беріседі. Осындай көңілді демалысты ұйымдастырушылар мен тәрбиешілерімізге алғыс айтқымыз келеді. Біз – егемен елдің ертеңіміз. Елімізді болашақта одан әрі көркейту біздің еншімізде. Тәуелсіз елдің дамуына біз де өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
Бекжан Еркінғали,
№37 мектеп-лицей
№37 мектеп-лицей