Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан оқушылары «Жалында» тынығуда

Аудан оқушылары «Жалында» тынығуда

Ауданда бала­лардың жазғы демалысын ұйымдастыру бо­йынша іс-шара жос­пары әзірленіп, оқушылар демалысы сапалы өткізілуде. Осы күні кент сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагері екінші ауысымды аяқтады.

Бір ауысымда 10 күн демалатын тынығушылар әрбір күнді қы­зықты әрі пайдалы етіп өткізуде.

– Биыл «Жалын» сауықтыру лагерінде жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, балалардың сауығуына, жақсы тынығуына барлық жағдай жасалды. «Жалында» демалыс мауысымында 581 бала демалдыруды жоспарлап отырмыз. Бірінші ауысымда білім қыз­меткерлері кәсіподағының жеңілдетілген жолдамасымен 100 бала тынықты. Екінші онкүндік демалыста 118 бала жалпыға бір­дей міндетті оқу қоры есебінен әлеуметтік аз қамтамасыз етіл­ген, көпбалалы отбасылардың балалары қамтылды. Енді лагерь үшінші ауысымды бастайды, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков.

Отыз жылдан астам тарихы бар «Жалын» сауықтыру лагері арнайы типтік жобада салынған. Биыл сауықтыру лагері болып өзгерген демалыс орнында ең алдымен баланың денсаулығын нығайтуға баса мән беріледі. Лагерьде үлкен асхана, жатын үй­лер, медициналық бекет, тәлімгерлердің ғимараты, спорттық іс-шара өтетін орын, көңілді кеш ұйымдастырылатын сахна, суға шомылатын жағажай бар. Балалар 5 мезгіл тамақтанады.

– «Жалын» сауықтыру лагері өз жұмысын бастағалы бері екі ауысымды аяқтады. Тынығушылар әрбір күнді мәнді әрі қы­зықты етіп өткізді. Ол үшін түске дейін аудандық оқушылар үйінің үйірмелері жұмыс жасады. Түстен кейінгі уақытта тыны­ғу­шыларға тәрбиешілер қызықты ойындар ойнатып, түрлі бағыт­тағы іс-шараларды ұйымдастырды. Әр күнді тынығушылар қы­зық­ты ойын, керемет би кешімен аяқтайды. Лагерьге келген бала жаңа достар тауып, бір-біріне келесі жылы міндетті түрде тағы келуге уәде береді. Бұл лагерь ұжымының жұмысы жақсы ұйым­дас­тырылғанының көрінісі деп білеміз, – дейді аға тәлімгер Піржан Төлеген.

Тынығушылардың ата-аналары да сауықтыру лагерінің жұ­мысы туралы жылы лебіз білдіруде.

– Немерем – №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы. Биыл осы «Жалын» лагерінде демалды. Оның көңіл-күйі керемет. Сондықтан лагерь ұжымына айтар алғысым мол. Бастысы мұнда жас жеткіншектер тәрбиелік мәні зор әрі денсаулыққа пайдалы ойын-жаттығуларға, жарыстарға қатысады. Тағы бір айтарым, лагерьде уақытты ұтымды пайдалану да өз орнына қойылған. Осындай жақсы демалыс ұйымдастырған аудандық білім бөлімінің басшылығына, жалындықтарға ризашылығымды жеткіземін, – дейді зейнеткер Жанат Досмағанбетқызы.

Айту керек, биылғы демалыс маусымын тиімді ұйымдастыруға аудан әкімінің қолдауымен кәсіпкерлер мен демеушілер айтар­лықтай атсалысуда. Қамқорлық танытқан аудан кәсіпкерлерінің арқасында бүгінде 100 бала Алматы облысы, Есік қаласындағы «Тау жанашар» лагерінде демалуда. Сонымен қатар осы күні республикалық «Балдәурен» сауықтыру лагеріне 16 оқушы жі­берілді. Жалпы маусым айында аудан мектептері жанындағы күн­дізгі тынығу лагерьлерінде 5000 бала үш ауысымда демалысын аяқтады.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ



25 маусым 2022 ж. 359 0