Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс дүкені қалтқысыз қызмет көрсетеді

Құрылыс дүкені қалтқысыз қызмет көрсетеді

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанның негізі – елдің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыру екенін баса мән беріп айтқан еді. «Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағ­дары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық» деді Президент.

Осы ретте, халыққа қажетті кәсіп түрін бас­­­­тап, көпшіліктің сұранысын өтеп жүрген жас кәсіпкер Абай Тоқтаров еліміздің ертеңі ізденімпаз жастардың қолында екенін айтады.

Жаз мезгілімен бірге түрлі құрылыс жұ­мыс­тары басталатыны белгілі. Ауданымыз күн­нен-күнге көркейіп, тұрғын үйлер жаңаруда. Ал оның бәріне құрылыс заттары қажет екені анық. Аудан халқы құрылыс заттарын сатып алу үшін ат терлетіп қалаға бармайды. Кәсіп­­­кер жақында отбасының қолдауымен аудан орталығынан құрылыс заттары дүкенін аш­қан. Көптен ойға алған істі үлкен кәсіпке ай­налдырған кәсіпкермен әңгімелесудің сәті түс­ті.

– Бұл – біздің отбасылық кәсібіміз. Осыдан үш ай бұрын, яғни сәуір айын­­­да ашылу салтана­тын өткіздік. Үлкендерден бата алып, дү­кен жұмысын бастадық. Дүкен кеше ашыл­ғанымен, бұл кеше ғана жасалған жұмыстың жемі­сі емес. 2017 жылдан бастап қолға ал­ған едік. Ал нақты құрылыс заттарын сататын дүкеннің жобасын 2019 жылдан бас­тап жоба­ладық. Жұмысты маңдай тердің, ұзақ еңбек­тің нәтижесінде жолға қойдық. Ағаларым

Абзал Бекішов пен Абылай Бекішовтің еңбегі зор. Қазір де дүкен жұмы­­сын шыр айналдырып отырған осы кісі­лер, – дейді Абай.

Тиісті жер сатып алынғаннан кейін кәсіп­кер өз отбасымен кеңесе отырып, қандай кә­сіп бастау керегін ақылдасқан. «Гарвард» уни­верситетінің профессоры Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген сөзін ескерген ағайындылар ақылдаса келе, құрылыс дүкенін ашуды дұрыс деп тап­қан.

Дүкен Тереңөзек кентіндегі Д.Керейтбаев көшесінде орналасқан. Қазір мұнда көпшіліктің сұранысындағы құрылыс тауарлары сатылуда. Баға да қолжетімді. Күн өткен сайын тұрақты тұтынушылары көбейіп келе жатқан дүкен иелерінің алдағы уақытқа жоспар да жетерлік.

– Құрылыс дүкені өз жұмысын бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де «Армансыз адам – қанатсыз құс» дей ме, мақсатты жоспарларымыз бар. Солардың бірі – дүкенді кеңейту жұмыстары. Содан кейін бізді желеп-жебеп жүрсін деген ниетпен үлкен атамыздың атын бергіміз келеді. Уақыт пен жұмыстың реті­­не қарай дүкен жанынан қосымша қызмет көрсету орталықтарын ашу да – болашақтың еншісіндегі мақсаттарымыздың бірі. Және де шама­мыз келгенше бірнеше адамды жұмыспен қам­тысақ дейміз, – дейді кәсіпкер.

– «Құлдай болып қимылдап, бидей болып өмір сүр» демей ме?! Бүгінгі біздің, келешек­ ұрпағымыздың қамы үшін еңбек етудеміз. «Ең­­бек еткеннің еңсесі биік» деген және бар. Ха­лық­қа сапалы қызмет көрсетуге тырысудамыз. Баға мен сан үшін емес, сапаға жұмыс жасаймыз. Отбасылық кәсібімізді одан әрі жандандыру жоспарда бар, – дейді құрылыс зат­­тары дүкенінің жұмысын жүргізіп отыр­ған Абзал Бекішов.
Айта кетейік, дүкен иесі Абай Тоқтаров Сәкен Сейфуллин ауылында монша жұмысын жан­дан­дырып, ауыл халқына тұрмысқа қажетті қыз­мет көрсетіп отыр. Кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жүр­ген жас кәсіпкер алдағы уақытта макорон өнімдерін шығаруды қолға алуды жоспарлауда. Отандық өнім шығарып, халыққа сапалы ас ұсынуды көздеген кәсіпкерге ақ жол тілейміз.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
16 шілде 2022 ж. 431 0