Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі тұрғын үйлер құрылысымен танысты

Аудан әкімі тұрғын үйлер құрылысымен танысты

Құрылыс жұмыстары қарқынды ауданда биыл да тұрғын үйлер салуға басымдық берілуде. Осы жылы республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысына және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 10 тұрғын жайын сатып алуға қаржы бөлінді. Қазіргі таңда ауылдық округтерде тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде. Соған байланысты бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев А.Тоқмағамбетов ауылындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Жалпы, 33 тұрғын үйге республикалық бюджеттен 425 176 мың теңге қаржы бөлінуде. Елді мекендегі 3 тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Намыс-Құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл жердегі 1 тұрғын үйдің жалпы ауданы 67,4 шаршы метрді құрайды.

Құрылыс жұмыстарының барысымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаров таныстырды. Бөлім басшысы тұрғын үйлерді салып, бітіру уақыты 3 ай екенін жеткізді. Бүгінде бірінші және екінші тұрғын үйдің қабырғасын өру жұмыстары жүріп жатқанын көрсетті.

Аудан басшысы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтінін атап, елді мекендердегі салынып жатқан тұрғын үйлер сапалы салыну керектігін атады. Оның сапасы тұрақты назарда болатынын жеткізіп, тұрғын үйлер кезектілік бойынша берілетініне тоқталды. Осындай қарқынды құрылыстар арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесін де назарда ұстауды тапсырды.

Жалпы, бүгінгі күнге аудан бойынша тұрғын үй кезектілігінде 510 сырдариялық бар.
07 сәуір 2021 ж. 750 0