Президенттің бастамаларын қолдаймыз
2022 жыл еліміз үшін аса маңызды қоғамдық-саяси оқиғалармен басталды. Әлем назары елімізге ауған сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен нақты шешімдер қабылданып, елдегі тұрақтылық қамтамасыз етілді. Біз осындай қиын әрі күрделі кезеңде Ел Президентінің бастамаларын қолдап, бірлік, ынтымақ, сенімді диалог ұғымдары аясында топтасуымыз қажет. Өйткені, елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ.
Бәрімізге белгілі, бүгін Мемлекет басшысы елдің жаңа Премьер-министрін тағайындады. Үкіметтің жаңа құрамы да жасақталды. Қазақстан Президентінің Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысындағы бүгінгі мәлімдемесі тарихи мәлімдеме болды деп есептеймін. Өйткені Президент өз мәлімдемесінде барлық ел өміріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды, ашық айтылды. Соның ішінде елдің дамуына негізгі арқау болатын экономикалық саясат, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері мен халықты толғандырып отырған әлеуметтік мәселелер кеңінен қамтылды. Сондай-ақ Қ.Тоқаев жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қаматамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді.
Президент: «Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды» деп атап өтті. Енді осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуымыз қажет. Ол үшін атқарушы билік пен депутаттар жүйелі түрде бірлесе еңбек етері анық.
Мен депутат және кәсіпкер ретінде елімізде орын алған қақтығыстар салдарынан үлкен қалаларда шағын және орта бизнеске залал келтірген қылмыскерлердің әділ жазаланатынына сенемін. Оны өз Үндеуінде Қ.Тоқаев нақты атап өтті. Осынау күрделі кезеңде Сырдария ауданының халқы тәртіп бұзбай, сабыр сақтап, ортақ талапқа бағына білді. Бұл ауданның қалыпты дамуы мен қоғамның ұйысуының жарқын көрінісі. Әрине, біз барлық қиындықты бірлікпен еңсереміз. Президенттің бастамаларын қолдаймын және облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуі бұрынғыдан да қарқын аларына сенемін.
Расул ЕСЕНОВ,
Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты