Айлакердің арбауына түспеңіз
Қазақта «Айла білген кісілер, көзіңді байлап алдайды» деген мақал бар. Яғни, айла-шарғысын жүзеге асырғандар «жеңіл ақша» тауып, көпшілікті әуре-сарсаңға салған. Бүгінгі ақпараттық қоғамда бұл белең алып, алаяқтық өршіген.
Ғаламтор желісінің қолжетімділігінің арқасында кейбір алаяқтың іс-әрекеті әшкереленуде. Мезгілсіз уақытта кез келген алаяқ жазықсыз жанның телефонына қоңырау шалу, хабарлама жазу, әлеуметтік желі арқылы бопсалауды, қорқытуды, ақша сұрауды жиілеткен. Сонымен бірге жекелеген азаматтың атынан онлайн түрде несие рәсімдеу, сауда-саттық жасау да бар. Мәселен, өткен жылы интернет алаяқтығына қатысты 21 мыңнан астам дерек тіркелген. Бұл осыдан 2 жыл бұрынғы көрсекіштен 7 мыңға көп.
Расында алаяқтың арбауына түскен қаншама адамның тағдыры қиын жағдайда. Сан мыңдаған адамды сан соқтырып кеткен олардың жазасын қатаңдату керек-ақ. Жаһандану құрылымында интернет пен цифрлы технологияның кеңінен дамуы қылмыс түрлерін біршама көбейткені мәлім. Бүгінде алаяқтыққа барған күдікті ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша жауапкершілікке тартылады екен. Кез келген алаяқтыққа жол берген азамат бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалу жолымен бөтен мүлікке иемденуге қатысты жазасын өтейді. Алаяқты жазалау негізінде мүлкі тәркіленіп, 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе түзеу жұмысына 600 сағатқа дейін тарту көзделген. Қоғамдық жұмыстан бөлек, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қаншама адам осы қылмыс түрімен жазасын өтесе де, айылын жияр емес.
Әлеуметтік желі мен интернет платформаның көмегімен сауда-саттықпен айналасу үшін адамдар зор мүмкіндік алды. Осылайша, мыңдаған тауарды тапсырыс арқылы алдыратын көпшілік интернет алаяқтығына тап болуда. Сапасыз тауарды сату, негізсіз жарнама жасау арқылы тұтынушыны иландыру, сатып алынған тауарды уақытылы жеткізбеу, тауардың қаражатын қайтармау секілді деректер жиі кездеседі. Өз кезегінде алаяқтыққа барған кісілер арзан бағада тауарды жарнамалап, тұтынушыны өзіне тартады. Ақырында жаппай тауарды сатып ала бастаған көпшіліктің қаржысын жымқырып, барлық платформадан өздері жайлы деректі жояды. Тұтынушымен байланысты бұзады. Белгілі бір мөлшерде қаржы аударған тұтынушы орасан зардап шегетіні рас.
– Біз отбасымызбен интернет арқылы дүкеннен зат сатып алуды жолға қойғанбыз. Бірнеше рет тұрмысқа қажетті тауарды үйге дейін жеткізу арқылы интернет дүкенінен алдыртқан болатынбыз. Осы жолы Алматы қаласынан түрлі-түсті қағаз шығаруға арналған принтер аппаратына тапсырыс берген едік. Бірақ тауарды сатушы бізге басқа үлгідегі тауарды ұсыныпты. Нарықтағы бағасы төмен принтердің сапасы көңілге қонбайды, функциясы мүлдем бөлек. Расында біз тұтынушының құқығы қорғалмайтындығын аңғардық. Жарнамада көрсетілген тауардың орнына басқа принтерді сату арқылы саудагер бізден едәуір ақша алғаны байқалады, – дейді Ербол Мыңжасаров.
Негізінен, ақпараттық технологияға кері әсірін тигізетін вирусты ойлап тапқан дамыған елдер емес. Оның жарыққа шығуына Пәкістан мемлекеті себепкер болған. Бүгінде мыңдаған адамның жеке мәліметіне қол жеткізе алатын компьютерлік бағдарлама жеткілікті. Сонымен бірге алаяқтыққа баратын арам пиғылды жандар нысаналы адамын барынша зерттеп алады. Ұтыс ойындар, инвестициялар мен бәс саудаларға иланатын жекелеген адамның сеніме кіреді. Оларға сенген көпшілік интернет ресустарына жеке дерегін ерікті түрді енгізеді екен. Ақырында, алдауға арбалып қалған жұртшылық көп мөлшердегі қаражатынан айырылады.
Негізгі мақсатына қол жеткізу үшін түрлі айла-амалды қолданатын алаяқтың адамды қорқыту, бопсалауы көптеп кездеседі. Сондай-ақ өзі ойлаған дүниені мақсатты түрде жүзеге асыра бастайды. Көбіне алаяқтық фактісі белгілі бір мөлшерде қаражат талап ету бойынша тіркеледі. Түрлі әлеуметтік желі қолданушысының ар-намысына тиетін сөздер айтып, шындыққа жанаспайтын түрлі оқиғаны құрастырады. Үрейге берілген кісіден қомақты қаржы сұрайды. Сонымен бірге сансыз әлеуметтік желіге өзге біреудің атынан кіру арқылы мол көлемде ақша сұрау жиілеген. Мұндай уақытта дер кезінде құзырлы органға хабарласу керектігі айтылады. «Сәлеметсіз бе? Сіздің атыңызға қомақты ұтыс шығып тұр. Ақшалай сыйлық ұтып алыңыз». Бұл – телефон тұтқасының ар жағынан естілетін үйреншікті сөздер. Осындай алаяқтың арбауына түскен бірнеше отбасының шаңырығы ойран болғаны жасырын емес.
Бүгінде алаяқтар жымқырған қаржысын бір шоттан екінші шотқа аударуға бейім. Немесе шоттағы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру оңай.
Кейбір жағдайда алаяқтар жәберленушінің жеке мәліметіне қалай қол жеткізетіндігі ойлантады? Көбіне олар банк тұтынушысының жеке мәліметіне телефон нөмірі арқылы қол жеткізеді екен. Яғни, кез келген алаяқ «Kaspi Bank»-тің қосымшасына нөмірді теру барысында нысаналы адамы жайлы мағлұматқа ие болады. Осылайша, көптеген адамға хабарласып, есепшоттағы қаражатын жымқыруға әрекет етеді. Қандай жағдай болмасын алаяқтар жеке мәлімет сұраған мезетте өзіңіз тұтынатын банктің сенім телефонына хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін анықтау керек. Қай кезде де құқық қорғау органдары күдікті қоңырау мен хабарлама келіп түскенде банктің көмегіне жүгіну керектігін алға тартады. Міне, интернет алаяқтығы белең алған тұста әрбір жеке мәліметті қатаң сақтау маңызды рөл ойнайды.
Адамдар алаяқтың арбауына түспей, құзырлы органмен байланыс орнатқаны абзал. Сансыз қылмыстың артында жүздеген алаяқтың бассыздығы жатыр. Жүздеген қылмыс ашылған уақытта өз қулығын жасырған алаяқ тұрады. Сондықтан айлакердің айласынан сақтана жүрейік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ