Жүрек қалауы
Расында мамандықты дұрыс таңдай білу – өмір жолындағы сәттіліктің негізі саналады. Арманы асқақ адамның жүрек қалауы қай кезде де орындалады.
Бала күнімнен болашақ мамандығымның күрделі сала екенін білдім. Осы күнге дейін кемеңгер тұлғалар журналистика саласының өркендеуіне зор үлес қосты. Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлы «Болмасаңда ұқсап бақ» деген болатын. Сондықтан келешекте журналистика мамандығын таңдап, қарымды қаламгерлердің лайықты ізбасары болғым келеді.
Шығармашылықпен айналысу, үнемі ой-өрісіңді дамыту, жан-жақты іздену журналистиканы жаны қалайтын адамға тән қасиет. Бала арманға қанат бітіру үшін ақпарат саласының сан бағытын зерттей білуім керек. Сан мыңдаған халықтың жүрегінен жол табу мақсатында түрлі мәселені қаузап, көкейдегісін дөп баса білген абзал. Мен білетін журналистика мамандығы заман көшіне ілесіп, жаңа қарқынмен дами түседі. Ақпарат айдынында қоғам өмірінің бет-бейнесі боямасыз суреттеліп, кәсіби мамандар көпшілік көңілінен шыға біледі. Күн сайын өзімді кәсіби мамандардың қатарынан көру үшін жоғары талап қоямын. Жан-жақты ізденемін.
Журналистика саласы кез келген маманнан шеберлікті, икемділікті қажет етеді. Алдағы уақытта еліме адал қызмет етіп, көпшіліктің үкілеген үмітін ақтауға барымды саламын. Телевизия, радио, газет, интернет журналистика, баспасөз қызметі – журналистиканың мызғымас бөлшегі. Алда қарым-қабілетті саралап, жүрек қалаған саланы игеру міндеті тұр. Ең алдымен, болашақ журналист ретінде сауаттылыққа мән бергім келеді. Сөз мәйегін келтіріп, рухани құндылықты құлдыратпаған танымал қаламгерлердің мол мұрасы – мен үшін өмірлік сабақ.
Мерей ЖАЛҒАСБЕК,
№191 орта мектеп оқушысы
Пікір 1