Жайдарлы жаз, жарқын жаз
Шаған ауылындағы «Нұр-Ай-Сая» жеке балабақшасында аудандық семинар өтті. «Жайдарлы жаз, жарқын жаз» тақырыбын арқау еткен жиынға ауыл әкімі Ұ.Абдраманова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Орумбаева және аудан бойынша балабақша қызметкерлері қатысты.
Кішкентай балғындардың жазғы уақытын тиімді өткізу мен сауықтыру жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада балабақша бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетті.
«Құлыншақ» тобының тәрбиеленушілері «Ақылды кішкентай балапан» ертегісін сахналады. Өз рөлдерін шебер ойнап шыққан балғындар көрерменге керемет көңіл-күй сыйлай алды. Ал «Балапан» тобының балғындары «Көңілді көпіршік» эстафетасында өзара сынға түсті. Ойын барысында кішкентайлар өз шеберліктері мен икемділіктерін танытты.
Сондай-ақ өнерлі өрендер көрерменге өз өнерлерін паш етті. «Өнерге қанат қаққандар» атты концерттік бағдарламаға ұласқан жиында балалар ән айтып, би билеп, тақпақ пен мақал-мәтелді жатқа айтты. Балаларды балабақшаның музыка жетекшісі Г.Мұхамеджанова әуенмен сүйемелдеді.
Іс-шара тек өлеңмен, ән-күймен қорытындыланбай, пайдалы ақпарат, білім берілу жағы да назардан тыс қалмады. Балабақша медбикесі Т.Төлеу әріптестеріне балаларды бассейге түсірудің пайдасы туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ қауіпсіздік ережелері басты назарда болу қажеттігі айтылды.
Түрлі бағытта ақпарат та беріліп, көңілді концертпен жалғас тапқан аудандық семинар жоғары дәрежеде қорытындыланды. Қонақтар балғындардың бал қылықтарына тәнті болды. Жиын соңында өз ұсыныстары мен пікірлерін бөліскен қонақтар керемет көңіл-күймен тарқасты.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ