БАҚШАДАҒЫ МЕРЕКЕ
Мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндерді өнерге баулу ертеңгіліктерден басталады. Мерекелік шараларды барынша мән-мағыналы етіп өткізу балабақша тәрбиешілеріне жүктелген міндет. Бала жасына ыңғайлы, әрі қызықты да тартымды етіп ертеңгілік өткізу де бала бағбанының ізденімпаздығына байланысты. Жақында «Айгөлек» балабақшасының ортаңғы «Ботақан» тобымен тәрбиешісі А.Құрақбаеваның ұйымдастыруымен дәстүрлі «Алтын күз келді, бақшама!» атты мереке өтті. Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлаған шарада тәрбиеленушілер күз туралы тақпақ айтып, би биледі. Өнерлерін ортаға салып, «Күз ханшайымымен» бірге «Жемістер мен көкөністер жинау» ойынын ойнады. Балалардың өнеріне риза болған «Күз ханшайымы» сыйлыққа көкөністерін таратты. Балдырғандардың ой-өрісін дамыту үшін ертегі кейіпкері гном да ортаға келіп, жұмбақтар жасырды. Жан-жануарлардың да күзді қалай қарсы алатындары жайлы да тақпақ айтылып, олар туралы ән де шырқалды. Өнерлі балғындар «Күз жомарт», «Жау-жау жаңбыр» әндерін хормен орындаса, қыздар «Жапырақтар» биін биледі. Мереке соңында балалар Күз ханшайымын қимастықпен шығарып салып, берекелі күзге алғыстарын жаудырды. Балаларының өнеріне риза болған ата-аналар балабақша ұжымына, тәрбиешілерге алғыстарын айтты.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Пікір 1