Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақшамен қоштасты

Балабақшамен қоштасты

Жадыраған жаз мезгілінің алғашқы күндерінің бірінде біз балалық шаққа саяхат жасадық. Қалай дейсіз бе?! Аудан орталығындағы №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасындағы «Қарлығаш» ересек тобының балабақшамен қоштасу ертеңгілігіне қонақ болдық.

Әсем безендірілген балабақша ауласында гүлдей жай­наған бүлдіршіндердің кішкентай жүректері алып-ұшып тұр­ды. Ән айтып, би билеуді, сурет салып, тақпақ жаттауды үй­­рен­ген балақайлар енді балабақшамен қоштасып, үлкен өмір­ге – мектепке қадам басады.

Мерекелік ертеңгілікті ашып берген балабақша меңгеруші­сі А.Шоханова әр істе қолдау танытатын ата-аналарға ал­ғы­сын айтып:

– Бүгін, міне, кезекті тәрбиеленушілерімізді балабақша қа­бырғасынан қимастықпен шығарып саламыз. Жыл бойы­­на балабақша бүлдіршіндері үлкен жетістіктерге жетіп, ау­дандық, облыстық деңгейдегі байқаулардан жүлдемен оралуда. Мұның бәрі – Сіз бен біздің, балғындарымыздың үлкен еңбегі, – деді.

«Қарлығаш» ересек тобында барлығы 25 бала тәрбиеленіп жатса, оның 12-сі биыл балабақшамен қоштасты. Мерекелік іс-шарада кішкентайлар ән айтып, би билеп, ата-аналарының мерейін арттырды. Ойын ойнап, ұтқырлықтарын көрсеткен балалар мектепке баруға дайын екен. Топ тәрбиешілері М.Жапбасбаева мен А.Төлегенова өз баласындай болып кет­кен балғындарды қимастықпен шығарып салса, музыка же­текшісі Н.Маханбетжанова мерекелік ертеңгілікті әуенмен әр­леді.

Қарап отырсақ, кішкентай балдырғандармен осындай үл­кен іс-шараны ұйымдастыру, әр балаға ән мен би үйрету – тіпті оңай шаруа емес. Бұл тұста балабақша тәрбиешілері мен ән-би жетекшілерінің еңбегі орасан. Әр үйдің бір еркесін тәртіпке келтіріп, тәлім мен тәрбиенің негізін қалап жүрген балабақша ұстаздарының елдің жарқын болашағын дайындауда еңбектері зор.

Ұстаздарына тақпақпен алғыс айтқан балақайлар өз армандарын айтып, әуеге шар ұшырды. Ұйымдастырушылар ата-аналарға да ойын ойнатып, мереке көңілді жалғасын тапты. Мерекелік ертеңгілік соңында ата-аналар Г.Оспанова, А.Болат, М.Серікбай сөз сөйлеп, осы балабақшаға балаларын үлкен сеніммен тапсырғандарын, кішкентайларының көп нәрсе үйреніп шыққанын айтып, алғыстарын жеткізді. Осылайша, керемет көңіл-күймен жалғасқан мерекелік іс-шарада біз де балаларға қарап, бал дәуренге сапарлап қайтқандай болдық. Көңілді жиын соңында балабақша меңгерушісі біті­рушілерді арнайы «Алғыс хатпен» марапаттап, естелік сый­лық тарту етті.




Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 маусым 2022 ж. 923 0