Мәңгілік елдің өнерлі өрендері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деді ел Президенті.
Атаулы жылды іс жүзінде балаларды қолдау мен қорғау жылы ретінде өткізіп, барлық салада ел болашақтарына баса мән берілуі тиіс. Осы ретте алдын ала қабылданған жоспар негізіндегі іс-шаралар ауданымызда да басталып кетті. Аудандық мәдениет үйі жанындағы өнерпаздардың қатысуымен «Мәңгілік елдің өрендері» атты концерттік бағдарлама өтті. Сахна шымылдығы «Балауса» халықтық би ансамблінің «Ертегілер» биімен түрілді. Ерекше ұйымдастырылған іс-шара көрерменге мерекелік көңіл-күй тарту етті.
Концерттік бағдарламада аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев «Балалар жылында» балаларға ерекше мән берілуі қажет екенін айтты.
– Бала – болашақ. Бала – елдің ертеңі. Алдағы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялағаны баршамызға белгілі. Осы ретте ауданымызда түрлі іс-шаралар өткізу басталып кетті. Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» дейді. Сол айтпақшы жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін – ұлттың тағдыры, болашағы деп біледі, – деген аудан әкімінің орынбасары атаулы жылды тиімді әрі абыройлы өткізуге тілектестігін білдірді.
Ауданның жас өнерпаздары көрерменге мерекелік тартуларын ұсынды. «Туған ел», «Қазақстан – Отаным менің» патриоттық әндері хормен шырқалса, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері «Балауса» халықтық би ансамблінің, «Жауқазын» бишілер тобының өнерпаздары мың бұрала би билеп көрерменнің көзайымына айналды. Жезтаңдай әншілер М.Бақытұлы, А.Әбілжаппар, А.Төребеков, И.Аманжолов ән айтып тыңдарманды баураса, жас музыканттар И.Қайратқызы, Н.Бәкишев, Д.Семеновтер түрлі аспаптың «құлағында» ойнады. Ал күй тартыс пен қыз бен жігіт айтысы көрерменнің делебесін қыздырып, өнерпаздар қошеметке бөленді. Және ауданның жас спортшылары өз өнерлерін көрсетті.
Кішкентай бүлдіршіндердің еш саспай, қысылмай үлкен сахнада жұлдыз болып жарқырағанын көрген біздер еріксіз қол соғып, керемет көңіл-күйде қалдық. Ән де, би де, күмбірлеген күй де көрерменнің жүрегіне жете білді. Сөзімізге дәлелді концерттік бағдарлама соңында залдағы қонақтардың тік тұрып өнерпаздарға қошемет көрсетуінен аңғаруға болатын еді. Балалардың өнеріне тәнті болған әрбір көрермен сол сәтте балғындардың болашағы жарқын болуын іштей тілеп тұрды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ