Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер ардақталды

Ардагерлер ардақталды

Газетіміздің №25 санында «Жиырма жеті жылдан кейінгі жүздесу» та­қы­ры­бында ақпараттық мақала жазып, онда кезінде аудандағы ха­лық­қа тұрмыс қажетін өтеу комбинатында қызмет еткен қыз-келін­шек­­тердің ұзақ жылдан бергі кездесуі өткенін жазған едік. Кезінде ау­дан халқына ең қажетті қызметті көрсетіп, кейін тарап кеткен орта­лық­тың ардагерлері осы уақытқа дейін бір-бірінен көз жазып қалған болатын.

Аудандық халыққа тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинаты бастауыш ардагерлер ұйы­мының төрайымы Н.Керейтбаева нау­рыз айында ардагерлермен аудандық семинар өткізу жоспарда барын айтқан еді. Міне, арада үш ай өткеннен кейін аудан әкімдігінің ұйықты болуымен, облыстық мәслихат депутаты Р.Есеновтің қолдауымен еңбек ардагерлерінің аудандық семинары ұйымдастырылды.

Аудан орталығындағы «Достық үйінде» өткен семинарға аудан әкімінің орынбаса­ры Д.Байдушев, кент әкімі Е.Бахтияров, ау­дан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, кент ардагерлер кеңесінің төра­ғасы З.Жүсіпбайұлы, қоғамдық кеңес төра­ғасы М.Еспенбетов, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ж.Нарымбетов, қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрмыс қажетін өтеу комбинатының ардагерлері қатысты. Жиынды кент ардагерлері кеңесінің төрағасы ашып, күн тәрті­бімен таныстырды.

– Биыл ҚР Ардагерлер кеңесінің құрыл­ғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың І отырысында сөйлеген сөзінде табанды еңбек етіп заңға адалдық танытқан азаматтар құрметке ие болуы керектігін атап өткен болатын. Осы ретте кезінде елеулі еңбек еткен тұлғаларды іздеп, арнайы ұйым құрып, ардагерлердің уа­қытын тиімді өткізу мақсатында осындай іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Қарап отыр­сақ, қарияларға құрмет көрсету кейінгі ұр­пақты тәрбиелеудің бірден-бір жолы, – деді З.Жүсіпбайұлы.

Семинардың алғашқы бөлімі қонақтарға арнайы көрмені таныстыруға арналды. Көр­мені қазіргі «Сымбат» тігін цехының басшысы Алма Жамалова таныстырды. Қолөнер бұйымдары, қыз жасауы мен түрлі киім-кешектерден жасалған көрмеге қойылған зат­тардың ардагерлердің өз қолымен бірнеше күн ішінде жасаған жұмысы екенін естіген көпшілік өз таңданыстарын жасыра алмады. Арнайы жасақталған көрмеде қазақтың ұлттық киімінен бастап, шапан, бас киім, аяқ киім, түрлі ұлттың киімі мен күнделікті жеңіл көйлектерге дейін қойылған. Сондай-ақ моншақ, бисерлермен жасалған үлкен картиналар көрген көзді сүйсіндірді.

Мұнан соң аудандық халыққа тұрмыс қа­жет­­­тілігін өтеу комбинаты бастауыш ардагер­лер ұйымының төрайымы Н.Керейтбаева баяндама оқыды.

– Халыққа тұрмыс қажетін өтеу саласы қыз­метінің тарихына үңілетін болсақ, бұл қызмет 1948 жылдан бас­тау алған. Алғаш­қыда артель «Жизнь Казахстана», «Пром­Артель. Промкомбинат» болып жұмыс жаса­ған мекеме 1970 жылдан бері халыққа тұрмыс қажетін өтеу және коммуналдық шаруашы­лық министрлігіне қарасты комбинат болып қыз­метін жалғастырды. Комбинатта тұрмыстық қызметтің түрлі саласы болған. Ж.Ералиев балық ша­руашылығын абыроймен бас­қар­са, С.Рожаев, С.Сексенбаев, К.Николай секілді білікті мамандар түрлі құрылыс-жөн­деу жұмыстарын жүргізген. Комбинат құрыл­ғаннан бастап ұжымды ауданға белгілі азамат М.Байхожаев басқарса, кейін Алма Қашақбаева комбинат жекешелендіріліп тарағанға дейін басшылық жасады. Тәлім-тәрбие беріп, тәжіри­бесімен бөліскен ұлағатты тұлғалар да аз болған жоқ. Бас экономист А.Жамалов, бас есепші Ү.Ералиева сияқты білікті мамандардан кейінгі буынның үйренері аз болған жоқ. Ұжым қызметкерлері небір кезеңді бас­тан өткерді. Әйел-аналарымыз тек қана жұмыс­пен шектелмей отбасы, ошақ қасында шет қалдырмады. Міне, сөзімізге дәлел арамызда «Батыр ана» атанған ардагерлеріміз бар. Қиын-қыстау кезеңде «шеберлеріміздің қолы ортақ» болған кездер де болды. Сонда сол заман адамдарының мәрттігі, бір-біріне тегін көмектесіп, қолдан келгенін аямайтын еді, – деп еске алды.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ардагерлерді мерейлі мерекемен құт­тықтай отырып, аудан әкімдігі кез келген ұсынысты бірге қарастырып, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімінің ардегерлерге алғысын жеткізіп, ардагерлер А.Қашақбаеваға «Ел құрметі» медалін, Т.Абдукаримова мен Ш.Омароваға «Құрметті ардагер» медалін табыстады.

Келесі марапаттарды бірқатар ардагерлерге кент әкімі тапсырды. Ержан Бахтиярұлы ардагерлерді құттықтап, «Алғыс хаттар» ұсынды. Көңіл бөліп, арнайы алғыс жариялаған басшылық тарапқа еңбек ардагерлері алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Жиын соңында қонақтар мен ау­­­дандық халыққа тұрмыс қажетін өтеу са­ла­сының арда­герлері сөз сөйлеп, ұтымды ұйым­дастырылған семинар мен оң бастамаға шынайы қуанып отырғандарын жеткізді. Кезін­де «дүр­кіреген» ұжым мүшелерінің 90 пайызы әйел адамдар болса, нәзік жандылармен бірге ер азаматтар да комбинатта еңбек еткен. Осы рет­те ардагер С.Сәдуақасов пен аудандық се­ми­­­нарға арнайы шақырылған құрметті қонақ С.Дәужановқа шапан жабылып, құрмет көр­сетілді.

Айта кетейік, «Достық үйі» ғимаратында аудандық тұрмыстық өтеу комбинаты арда­герлерінің арнайы стенді орналасқан. Онда еңбек адамдарының бүгінгі тіршілігінен көрініс беретін суреттер орналасқан. Жақсы әңгі­мелер мен естеліктер, ұтымды ұсыныстар айтылған басқосу осылай өз мәресіне жетті. Жиын соңында аудандық тұрмыстық өтеу комбинатында ұзақ жыл адал еңбек етіп, комбинат жұмысын жандандыруға үлес қосқан Жұмахмет аға мен Үлфат апайдың қызы Шолпан Ералиева ата-анасының көзкөрген қызмет­тестерін басқосуымен арнайы құттық­тап, сый-сияпатын ұсынды. Ардагерлер игі іс-шараның кең көлемде өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен тұрмыс қажетін өтеу комби­натының ардагері Бақыт Байжүнісо­ваның ұлы, облыстық мәслихат депутаты Расул Есеновке шынайы алғыс­тарын білдірді.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 шілде 2022 ж. 636 0