Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жиырма жеті жылдан кейінгі жүздесу

Жиырма жеті жылдан кейінгі жүздесу

Жылы жүздесу, ыстық естеліктер, шынайы қуаныш, арқа-жарқа көңіл... Мұның бәрі – бір кездегі аудандық халыққа тұрмыс қажетін өтеу комбинатында қызмет еткен қыз-келіншектердің жиырма жеті жылдан кейінгі басқосуындағы көріністер.

Жастар жағы біле қоймауы мүмкін, үлкендердің бір кездері атағы дүркіреп, аудандағы тұрмыстық қажеттілікті түгел өтеп тұрған «Быткомбинат» деген атпен танымал мекемені білмеуі мүмкін емес. Аудандағы Д.Қонаев көшесінің бойынан орын тепкен орталық 1952-1953 өндірістік артель болып құрылып, жылдар бойына халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен.

Халыққа тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинаты. Аты айтып тұрғандай, мұнда күнделікті тұрмыста қажетті қызмет түрлері жинақталған. Атап айтсақ, тігін цехы, шаштараз, етікші, фо­тосалон, химиялық тазалау, жалға беру орталықтары, кі­лем цехі, бас киім сататын арнайы орталық, бүкіл ауылды қамтыған тапсырыс қабылдау бөлімі. Одан бөлек, балық өңдеу, құрылыс және жөндеу, кірпіш, жиһаздар жасау, күріш ақтау саласы да осы орталықтың құрамында болған. Аталған қызметтердің күнделікті өмірдің маңызды салалары екенін ескерсек, ауданда халыққа тұрмыстық қажеттілікті өтеу ком­бинатының қызметіне жүгінбеген адам болмаған.

Кейіннен 1993-1994 жылдары жаппай жекешелендіру бас­талғаны тарихтан белгілі. Аталған саясаттың бір ұшы ірі ауыл­дардан арнайы филиалдарын құрып, халық тұрмысының бір бөлшегіне айналған орталыққа да тиген. Осылай 1995 жы­лы жекешелендіріліп, қазіргі «Сымбат» ЖШС тігін цехіне айналған халыққа тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинатының соңғы басшысы Алма Қашақбаева болған.

Сол орталықта тату-тәтті ұжымдық еңбектің үлгісін көр­сеткен, бір үйдің баласындай сыры да, жыры да бір бол­ған қыз-келіншектер – бүгінде бір-бір үйдің арқасүйер ақ жаулықты анасы, аяулы әжесі. Кезінде түрлі тағдыр сан салалы жолға салып, комбинат тарағаннан кейін жеке кәсіп­керлікке бет бұрған жандар араға жиырма жеті жыл салып қайта қауышып отыр. Бүгінде олардың бірқатары ауданда тұрмысын жалғастырып жатса, енді бір бөлігі облыс ор­талығында, кейбірі еліміздің өзге облыстарына қоныс ау­дарған. Нағыз еңбек адамдарының басын біріктіріп, қан­ша жылдан кейінгі кездесуді ұйымдастырған аудандық ха­лыққа тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинаты бастауыш арда­гер­лер ұйымының төрайымы Несібелі Керейтбаева мен «Сым­бат» тігін цехін ұзақ жылдан бері басқарып отырған Алма Жамалова апайларымыз. Ерекше кездесуге біз де арнайы шақырту алдық. Ұсынысты зор ілтипатпен қабылдап, аяу­лы аналарымыздың еңбек жолынан үлгі, өткен тарихтан тағылым алып қайттық. «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген. Еңбек адамдарының тәтті естеліктеріне қанық болып, ой түйдік.

– Біздің кезімізде Мұзаппар Байқожаев, одан Алмалар басшы болды. Небір қиын-қыстау кездерде адал еңбек еттік. Бүгінде сол замандастардың көбі түйе қарап кетті ғой. Өткенге салауат, жас жеткіншектеріміз аман болсын, – деді бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ана, аяулы әже Дина Қаражанова.

Адам баласының өміріндегі ең бір қызықты кезеңдер жастық шағы болса, бұл кездесуде бас қосқан жандар – сол жас­тық шақты бірге өткізіп, бір мақсат жолында жұмыла ең­бек еткендер.

– Осы отырған бәріңіздің жұмысқа қалай орналасып, қалай кәсіпті үйренгендеріңізді, талай қызықты кезеңдеріміз әлі күнге көз алдымда. Небір кезеңді бастан өткеріппіз. Біз қызметтес те, сырлас құрбы-дос та бола алдық. Министрлік­тен «комбинатты таратамыз» деген хабар келгенде, бір-біріне бауыр басқан сіздерге сол хабарды жеткізу қалай ауыр болды десеңізші?! Қаншама тәжірибе алмастық, қаншама шәкірт тәрбиеледік. Міне, еңбектің арқасында бүгінгі дәрежеге жетіп отырмыз, – деп риясыз пікірін білдірді А.Қашақбаева.

Ал аудандық халыққа тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинаты бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Н.Керейтбаева:

– Комбинатта қызмет еткендердің барлығы – нағыз еңбек адамдары. Кезінде ауданның өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек еткен жандар – бүгінде ардагер. Күні кеше осы ардагерлердің ішінен Тұрсынкүл Әбдікәрімова аудан әкімінің қабылдауында болып, марапатталды. Бұл біз үшін зор мәртебе. Десек те, жастық шақтарын еңбекке арнап, қысы-жазы қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласқан ар­дагерлерімізге жеткілікті көңіл бөлінбей қалды. Бұл бастама да сол олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынып отыр, – деп пікір білдірді.

Басқосу барысында аяулы аналарына арнап Дархан Ра­зақов ән шашуын паш еткенін де айта кеткеніміз жөн. Көр­кемөнерпаздар байқауы, күріштік, пішен ору, қой төл­дету сияқты қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып, бір от­басының баласындай тату болған жандар араға жылдар са­лып сол сыйластық пен байланысты қайта жаңғыртуда. «Ұлыс» дегеннің өзі «ұлы іс» деген сөзден шыққанын ескерсек, қа­зақтың жыл басы Наурыз мерекесімен қатар қолға алын­ған бұл іс те кейінгіге үлгі болар бастама болса керек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

29 наурыз 2022 ж. 301 0