Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздік қалқаны

Қауіпсіздік қалқаны

Мемлекеттік қызметшілермен қатар тәр­­­тіп сақшылары да кәсіби мерекеле­рін атап өтті. Оның үстіне биыл Қа­зақстан Полиция­­сына – мерейлі 30 жыл. Айтулы мерекеге орай аудан­ның полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Алдымен, аудан әкімі М.Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов бастаған меймандар, ардагерлер №131 орта мектептің алдындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, бейбіт күннің батыры болған Талғат Қозыбаевтың ескерткіш бюс­тіне арнайы барып, батырдың ұмытылмас ерлігіне тағзым етті. Білім оша­ғындағы Т.Қозыбаев атындағы мұражай жұмысымен таныс­ты.

Мұнан соң Тереңөзек кентіндегі Орталық алаңда полиция қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтіп, тәртіп сақшылары мен сала ардагерлерін аудан әкімі кәсіби мерекемен құттықтады.

– Қазақстан полициясы – еліміздің қоғамдық қауіп­сіз­дігі мен тыныштығын, азаматтардың еркіндігі мен конс­ти­туциялық құқықтарын қорғайтын, қылмыстың жолын ке­сетін мемлекеттік жүйе. Полиция қызметкері болу – ма­ңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ол үшін байыпты білім мен айбарлы жүрек, қажырлы күш-қайрат қажет. Ал халық сенімі – полиция қызметіне берілетін басты баға. Сіздер­дің кәсіптеріңіз қаншалықты қиын, тіпті кей жағдайда аса қауіпті екендігі де белгілі. Бүгінде ерлікпен қаза тапқан бейбіт күннің батыры, учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың ерлігі көпке үлгі болып қалары сөзсіз. Мемлекет полиция қызметін заманауи, оның ішінде цифрлық технологиялардың мате­риалдық-техникалық базасын жақсартуда. Соның негізінде аудандағы тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыс­тырғанда 12,5 пайызға төмендеген. Бұл тәртіп сақшыларының адал қызметінің нәтижесі деп білемін, – деді аудан басшысы.

Мерейлі мерекеде сала қызметкерлері облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар полицейге төсбелгілер табыс етілді.





Е.ЖАППАРБЕК
25 маусым 2022 ж. 268 0