Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгінгі Қазақстан полициясы күніне орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. Бейбіт күннің батырының рухына тағзым етіп, ата-анасы Есентай Қозыбаев пен Шынар Кіребаеваға ел қорғаны бола білген қырағы ұлан тәрбиелегеніне ризашылығын білдірді. Ескерткішке гүл қою рәсімінен соң аудан басшысы ІІ дәрежелі «Айбын» ордені иегерінің есімімен аталатын №131 орта мектептегі Т.Қозыбаевтың мұражайымен танысты.

Тәртіп сақшыларына құрмет көрсетуге арналған мерекелік іс-шара Орталық алаңда жалғасты. Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілген соң Мемлекеттік Гимн орындалды. Мұнан соң жиналған көпшілік Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қаза болған сарбаздарды үнсіздікпен еске алды.

Ел тыныштығын қорғап жүрген полиция қызметкерлерін аудан әкімі М.Ергешбаев кәсіби мерекемен құттықтады.
– Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігінің, тәртіпті қамтамасыз ету мен сақтаудың, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқықтарын қорғаудың, қылмысқа қатаң талап қоюмен қатар қабілеттілігі мықты мемлекеттік жүйе болып табылады. Мемлекетімізде құқық қорғау қызметкерлерінің мерейін арттыру үшін жарқын бастамалар жүзеге асуда. Ауданымыздағы полиция қызметкерлері де тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қызмет жасап, аянбай еңбек етіп келеді. Елімізде індет жайлағанда тәртіп сақшылары алдыңғы шепте жүріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында да қырағылық танытып, нәтижелі қызмет атқаруда. Сондықтан ауданның тәртіп сақшыларына зор алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Құттықтаудан соң аудан басшысы ауданның құқық қорғау саласында елеулі еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары мен сала ардагерлерін «Алғыс хатпен» марапаттады.

Салтанатты іс-шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
23 маусым 2021 ж. 522 0