Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Аудан басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Полиция күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тәртіп сақшыларын құттықтады. Кент орталығында өткен мерекелік іс-шараға сала басшылары мен ардагерлер қатысты.

– Қазақстан полициясы - еліміздің қоғамдық қауіпсіздігі мен тыныштығын, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқықтарын қорғайтын, қылмыстың жолын кесетін мемлекеттік жүйе. Полиция қызметкері болу маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ол үшін байыпты білім мен айбарлы жүрек, қажырлы күш-қайрат қажет. Ал халық сенімі – полиция қызметіне берілетін басты баға.

Сіздердің кәсіптеріңіз қаншалықты қиын, тіпті кей жағдайда аса қауіпті екендігі де белгілі. Бүгінде 25 жасында ерлікпен қаза тапқан бейбіт күннің батыры, учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың ерлігі көпке үлгі болып қалары сөзсіз.

Мемлекет полиция қызметін заманауи, оның ішінде цифрлық технологиялардың материалдық-техникалық базасын жақсартуда. Соның негізінде аудандағы тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендеген. Бұл сіздердің отанға деген адал қызметтеріңіздің нәтижесі деп білемін, – деді аудан басшысы құттықтауында.

Салтанатты шарада сала қызметкерлері облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар полицейге төсбелгілер табыс етілді.




Аудан әкімінің баспасөз қызметі
23 маусым 2022 ж. 461 0