Айрықша алғыс айтамыз
Баспасөзге жазылу науқанында жаңалық жаршысы болған аудандық газет таралымының артуына өңірге белгілі кәсіпкерлер де өз үлесін қосуда. Олардың қатарында Бағдәулет Мақашев пен Дархан Ералиевтің есімін ерекше атап өтуге болады.
Қалыптасқан үлгілі үрдіске сай облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Бағдәулет Мақашев биыл тағы да Сырдария ауданының 50 ардагерінің мекен жайына аудандық газетті демеушілікпен жаздыртып берді. Мұны ардақты азаматтың қазақ баспасөзіне деген қолдауы әрі ардагерлерге деген құрметі десек болады. 50 ардагердің атынан Мұса Келдібаев алғыс айтып, ризашылығын білдіруде.
Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Дархан Ералиев «Мағжан және К» серіктестігі қызметкерлерінің 200 дана аудандық газетке жазылуына қолдау көрсетті. Бұл 83 жылдық тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газеті үшін зор қолдау болды. Әзірге ауданда «Мағжан және К» серіктестігі секілді аудандық газетке ең көп жазылған шаруашылық жоқ.
Қазақ баспасөзіне қолдау көрсетіп, жанашырлық туын биікте желбіретіп келе жатқан азаматтарға зор денсаулық, жұмыстарына жеміс тілейміз.