Көш бастаған шаруашылықтың көркем тірлігі
Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, аудандық мәслихаттың депутаты Дархан Жұмашұлы Ералиевтің есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Үздіктер көшін бастаған шаруашылықтың басшысы әрқашан көпшілікке үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Сөзден гөрі істі, нақты нәтижені құп көретін ардақты азамат тағы да игілікті іс жасады. Нақтырақ айтқанда, Дархан Жұмашұлы басқаратын «Мағжан және К» ЖШС 200 дана аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне жазылды. Абыройлы азаматтың және іргелі ұжымның аудандық басылымға қолдау көрсетуі – қазақ баспасөзіне қолдау көрсетуі деп қабылдадық.
Атап өту керек, аудандық басылым мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізіп келеді. Оның ішінде Елбасының, Ел Президентінің, облыс, аудан әкімінің сындарлы саясаты, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы, сондай-ақ сала мамандарының атқарып жатқан және алдағы уақытта атқаратын жоспарлары аудандық газетте тұрақты түрде жариялануда. «Қызметіміз – оқырман үшін» қағидаты негізінде шығармашылық топ мүшелері еңбек адамдарының да адал еңбектерін шығармаларына арқау етуде.
Жақында аудандық газетте «Еңбек – ердің айнасы» тақырыбында мақала жарияланды. Аталған мақалада Дархан Жұмашұлы Ералиев басқаратын «Мағжан және К» серіктестігінің жұмысы, егін даласындағы еңбек дүбірі кеңінен қамтылды. Сонда аудан көлемінде Нағи Ілиясов ауылының үздік екенін, ал аудан шаруашылықтарының арасында «Мағжан және К» серіктестігінің көш бастап тұрғанын журналистік қырымызбен айшықтап көрсеткенбіз. Айтқанымыздай, баспасөзге жазылу науқанында да аталған серіктестік абырой биігінен көрінді. Яғни ауданда «Мағжан және К» серіктестігі секілді аудандық газетке ең көп жазылатын шаруашылық жоқ. Бұл дегеніміз серіктестік басшысының және бірлігі бекем ұжымның көркем тірлігі.
Әрине өмір, қоғам болған соң түрлі көзқарас, түрлі түсінік болады. Қандай жақсылық жасаса да оны есептемейтін, міндетсінбейтін, айтып мақтанбайтын азаматтар өз арамызда да бар және ол қатарда Дархан Жұмашұлының да есімін ерекше атауға болады. Кейде ардақты азаматты игілікті істерге қолдау көрсеткенін сырттай естіп, «Аға, айтпадыңыз ба, газетке жазатын едік қой» десек, үнемі «Ел-халық біледі ғой, халық – Құдайдың бір аты, халық риза болса болды» деп жауап қайтарады. Орнықты ой мен пайымды пікір ұштасқан жауапқа риза боламыз.
Ал керісінше кейде кішкентай нәрсе істеп, соны газетке беруге, жариялауға асығып тұратын, жұрт көрсе, білсе деп ойлайтын азаматтармен де кездесіп жатамыз. Қарап тұрсақ, олардың істегені Дархан Жұмашұлы істеген істің қасында теңіз бен тамшы секілді. Ойланамыз. Неге сол азаматтар білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, аудандық мәслихаттың депутаты Дархан Жұмашұлы Ералиевтей азаматтардан үлгі алмайды екен деп ойланамыз...
Ардақты азамат Дархан Ералиев басқаратын серіктестік ұжымы 200 дана аудандық газетке жазылғанын айттық. Мұнан бөлек те сүйінші хабар келіп жетті. Серіктестік басшысы өзінің атынан Нағи Ілиясов ауылындағы 10 еңбек ардагерінің мекен жайына қосымша тағы да аудандық басылымды тегін жаздырып бермек. Керемет емес пе?! Ел-халықтың алғысын арқалап, қолдан келсе қоғамға пайда тигізгенге не жетсін?! Осы ретте жанашырлық туын биікте желбіретіп, үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан Дархан Жұмашұлы Ералиевке зор алғыс айтамыз. Абыройлы азаматтың жұмысына табыс тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ