Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық ардагерлер Бақдәулет Мақашевқа алғыс айтады

Сырдариялық ардагерлер Бақдәулет Мақашевқа алғыс айтады

Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, "Жан-Арай" ЖШС директоры, "Сырдария ауданының Құрметті азаматы" Бақдәулет Еркінбекұлы Мақашевқа Сырдария ауданының бір топ ардагерлері алғыс айтып, ризашылығын білдіреді.

Себебі, халық қалаулысы биыл тағы да 50 ардагердің мекен жайына аудандық газетті демеушілікпен жаздыртып берді. Бұл ардақты азаматтың сырдариялық ардагер аға-апаларға деген құрметі екені анық.

Жалпы, Сыр жұртшылығы Бақдәулет Еркінбекұлының жомарттығына, мәрттігіне қанық екені белгілі. Талайға шапағаты тиген азамат біздің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңіріп келеді. Пандемия кезеңінде де мұқтаж отбасыларға көмегін үлестірді. Сондықтан ел алғысын арқалаған азаматқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының берілуі адал еңбекке берілген лайықты баға іспеттес.

– Сыр өңірінің дамуына қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып келеміз. Кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, халықты жұмыспен қамтып, тапқан-таянғанымызды көпшілікпен бөлісудеміз. Әрине, меценат атану – мақсат емес. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Оның үстіне халық қалаулысы болған соң әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінеміз. Лайым, елімізде мұқтаж отбасылардың саны азайып, халықтың әлеуметтік жағдайы арта берсін. Ал аудандық газеттен жаңалықтарды оқып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысуы үшін 50 ардагердің мекен жайына басылымды жаздыртып беруіміз ардагерлерге деген құрметіміз, ықыласымыз, – дейді кәсіпкерліктің көшін өрге сүйреп келе жатқан азамат.

Құрметті Бақдәулет Еркінбекұлы, ел-халық үшін жасап жатқан жұмысыңызға жеміс тілейміз!
04 шілде 2021 ж. 323 0