Табиғи газды тұтыну талаптарын түсіндірді
Бүгінде Тереңөзек кенті тұрғындарының 75 пайыздан астамы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Сол арқылы артық қиыншылықтардан құтылған. Десе де табиғи газды дұрыс пайдаланбау адам өміріне қауіп төндіреді. Осыған орай сала мамандары кент тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі директорының орынбасары Б.Искаков, мекеменің аудандық директоры Е.Есенгелді, сала қызметкерлері аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен бірлесе тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды аралады. Аралау барысында жылыту пештері мен мұржалардың уақытылы тазартылуын, газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды, өрт қауіпсіздігінің алдын алуды атап, қауіпсіздікке мән беруді айтты.
– Табиғи газдың тиімділігі көп. Алайда мұның адамға өте қауіпті екенін білген дұрыс. Себебі тұрмыстық жағдайда табиғи газды дұрыс пайдаланбай, жылыту пештерінде ақаулардың болуы үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан газды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған дұрыс. Ал ақаулар болған жағдайда сала қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жөн. «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің мамандары сапалы қызмет көрсетеді, – деді «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі директорының орынбасары Бекнұр Искаков.
Мамандар тамақтану және сауда орындарында да арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға арнайы ескертпелер таратты.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ