Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасат жасының пырағына мінген

Парасат жасының пырағына мінген

Дарыны мен таланты ұштасып, өмірі мен өнері астасып, саналы ғұмыры ауданның мәдениет саласына арналған Жұмағазы Оразовтың есімі өнерсүйер қауымға етене таныс. «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет майталманы», «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атанған азаматтың 63 жасқа толып, ардагерлік кезеңге қадам басуына байланысты өткен аптада мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараға шақыруды зор құрметпен қабыл алып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиевпен бірге Аманкелді ауылына ат басын бұрып, сәні мен салтанаты, мәні мен мазмұны үйлескен тағылымы мол кештің куәсі болдық.

Ашығын айту керек, соңғы жылдары ауылдық мәдениет және клуб үйін бас­қарған бірқатар алдыңғы буын өкілдері­нің зейнет демалысына шыққанын естіп, кей­бір мерейтойлық іс-шараларға арнайы қатысып, көзбен көрдік. Бірақ дәл Жұма­ғазы Қайыпұлының мерейтойы секілді іс-шара­лардың ауқымды форматта өткенін бай­қамадық. Тарқата жазар болсақ, мақа­ланың көлемі көбейіп кетуі мүмкін екенін жасырмаймыз. Сондықтан қысқа-нұсқа тоқта­лып, негізгілерін айтып өтейік.

Көкпар – халқымыздың ұлттық ойыны. Жас та, жасамыс та қызыға тамашалай­тын, нағыз ер-азаматтар дала дүбірін қыз­ды­ратын көкпар десе арқасы қозбайтын қазақ жоқ шығар. Ал көкпар ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келмейтіні тағы рас. Ат үстінде жүрген азаматтардың бабы мен бағы қатар шабуы үшін ерекше күш-жігер мен қарым-қабілет керек. Мәдениет сала­сының майталманы атанған Жұмағазы Оразовтың ұл-қыздары әкелерінің мерейтойына орай мәдени іс-шарадан бөлек көкпар ұйымдастыруды жөн көріпті. Әдет­тегідей ауылішілік немесе аудандық дең­гейдегі емес, облыстық деңгейдегі көкпар өткізуді қолға алған олар айдынды Арал мен жаңарған Жаңақорған аудандарына дейін хабарландыру жіберіп, нәтижесінде жүзден астам шабандоз Аманкелдіде бас қосты. Таңата басталған дүбірлі жарыс кешке таман қорытындыланып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Көкпарды ауыл әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскері Н.Абдрасилов жүргізді. Көршілес аудандардан келген азаматтар көкпардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына зор ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Біз де қазақ халқының ұлттық ойыны арқылы бекем бірлік пен көр­кем тірліктің ұштасқанын көріп, риза болдық.

Келесі іс-шара Аманкелді ауылдық мә­де­ниет үйінде жалғасты. Мұнда «Өнер­мен өрілген өмір» атты кездесу кеші ұйым­дастырылды. Кешті мерейтой иесінің ұр­­­­пақ­тары жүргізді. Олар Ж.Оразовтың шы­ғар­машылық өмірбаянын оқып, өңірдің өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесін таныстырды, сондай-ақ лэд-экраннан бейнеролик көрсетілді. Негізі Жұмағазы Қайыпұлы Тереңөзек ауданына қарасты №11 темір жол бекетінде 1959 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1977 жылы сол кездегі Бүкілодақтық комсомол-жастарының бастамасы бойынша Аманкелді кеңшарында жұмыс істеген «Гүлдер» комсомол-жастар тобында бас­таған. 1981-1982 жылдары Сырдария ау­дан­дық мәдениет бөлімінде автоклуб мең­герушісі болып еңбек етсе, 1982-1983 жылдары Қызылорда облыстық Мемлекеттік филармониясында «солист-вокалист» болып қызмет атқарған. Кейіннен, яғни 1983-1985 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтей жүріп, әскерилер арасындағы мәдени-көпшілік шараларға үзбей қатысып, І, ІІ дәрежелі «Жас гвардияшы» төсбелгілерімен, «Кеңес Армиясының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Жастайынан өнерге құштар азамат 1986-1992 жылдары Қызылорда облыстық мемлекеттік филармониясында «артист-инструменталист» ретінде еңбек етсе, осы кездері «Жас дәурен», «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблдерінде, «Ақ күрішті Сыр елі», «Сыр толғауы» халық аспаптары ансамблі құрамында өнер көрсетіп, шет мемлекеттерде гастрольдік сапарларда болған. Ал 1992-1993 жылдары Аманкелді кеңшары­ның орталық мәдениет үйінің директоры, 2014 жылдан бастап кәсіпорын болып қайта құрылған Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің басшысы ретінде елге абыройлы қызмет атқарып келеді.

Мерейтойлық іс-шарада аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев мерейтой иесін құттықтап, аудан әкімінің атынан Құттықтау хат пен сый-сыяпат табыстады.

– Мәдениет саласының майталманы атан­­ған Жұмағазы Оразов бүгінде өз ма­ман­дығының нағыз шеберіне айналды. Ол Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметіне дейін биік белестерді бағындырды. Кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Аға буынның ізгілікті аманатын қастерлеуді парыз санады. Қызметтік жолында бірнеше рет марапат төрінен көрініп, өнерде толағай табысқа қол жеткізді. Ақындық, сазгерлік, әншілік қасиетімен дүйім жұрттың жүрегінен жол тапты. Халық арасында кеңінен танылған «Бала күнгі досыма», «Куә болшы», «Тек қана», «Бақытыңа баладың ба?» әндердердің авторы Жұмағазы Қайыпұлы зайыбы Күлзакира Аманжоловамен бірге ұзақ жылдардан бері бір салада жемісті еңбек етіп келеді. Өнер қонып, бақ дарыған отбасының перзенттері де өнерлі, талантты. Олар әке-аналарының ізін лайықты жал­ғастыруда, – деді Ж.Төрәлиев.

Мұнан соң Аманкелді ауылдық округінің әкімі М.Нұрғалиев сөз сөйлеп, игі тілегін арнап, ауылдағы мекеме ұжымдары атынан құрмет көрсетті. Сондай-ақ белгілі сазгер, «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» Р.Тайманов бастаған облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталы­ғының басшылық құрамы мерейтой иесінің өнегелі өмір жолын көпшілікке үлгі етті. Тиісті құттықтау хаттарын табыстап, сый-сыяпат көрсетті.

Айту керек, Ж.Оразов авторлық төрт ән жазған. Ол әндер облыстық, республикалық іс-шараларды шырқалып, халықтың оң бағасына ие болған. Сондай-ақ ақынжанды азаматтың өлеңдері аудандық, облыстық газет беттерінде жарық көруде. Өскелең ұрпақтың өнерлі де өрелі, білімді де білікті маман болуына үлес қосқан өнер иесінің талантты шәкірттері де көп. Олардың қатарында Ұлпан Әбдікәрімова, Саламат Әбу­тәліпов, Айдос Иманжаппаров, Алмат Бағдатов, Құралай Мейрамбек, Нұрхан Баймырзаев, Айдын Жұмағазылардың орны ерекше. Өнері мен өмірі ұштасқан Ж.Оразов ауыл көркемөнерпаздарын халықаралық өнер фестиваліне жоғары деңгейде дайындап, қатыстырғаны үшін «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Мәдениет майталманы» төс­бел­гісімен марапатталған. 2020 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Алғыс» хатын иеленсе, биыл ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «ҚР еңбегі сіңірген қызметкері», «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің ие­гері атанды. Бұл туралы Т.Бекарыстанов, Н.Құдайбергенов бастаған ардагерлер және «Жадыра» халықтық әжелер ансамблінің мүшелері Б.Иманбердиева, С.Есмағанбетова, П.Мүбәракова сөз сөйлеп, мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Ал әріптестерінің атынан сала ардагерлері Е.Әдікенов пен К.Құдабаева, аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаев, Айдарлы ауылдық клубының басшысы А.Қалдыбаева өз лебіздерін біл­дірді. Сыныптас достары Қ.Мырзаев, С.Сейт­­жанов, А.Елубаевалар да өнер ие­сінің азаматтық болмыс-бітімі, өнерге деген сүйіспеншілігі мен құрметі туралы пікір білдірді. Мерейтойлық іс-шарада «Сырдария» квартеті, Қожабековтер жанұялық ансамблі, сондай-ақ Дархан Разақов, Дас­тан Палмахов, Динара Жакешова, Ақбота Талғатова секілді әншілер әннен шашу шашты. Сондай-ақ вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен Ж.Оразов жанды дауыста бірнеше ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шара соңын­да Ж.Оразов пен К.Аманжолова көпшілікке алғаусыз алғыстарын білдіріп, шынайы ризашылықтарын жеткізді. Осылайша ме­рей­тойлық іс-шара жоғары деңгейде қоры­тындыланып, облыстың, ауданның мә­дениет саласынан келген меймандар өнермен өрілген өмір иесі Жұмағазы Оразов­тың ардагерлік кезеңге абыроймен аяқ басқанына куә болды.




Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

21 мамыр 2022 ж. 343 0