Зейнет демалысына шықты
Ауданның мәдениет саласында 40 жылға жуық жемісті еңбек етіп, оның 28 жылында аудандық кітапхана директоры қызметін абыроймен атқарған Гүлстан Нұржакиева құрметті зейнет демалысына шықты. Мерейтойлық іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы, кітапханашылар қатысты.
Іс-шара мерекелік сценарий бойынша өрбіп, қатысушылардың қошеметімен Г.Нұржакиева төрден орын алды. Мұнан кейін кітапханашы Р.Құлмаханова кеш иесінің өмірбаянын, еңбек жолындағы жетістіктерін таныстырып, арнайы әзірленген суреттер топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев кітапхана жүйесінің дамуы мен қалыптасуында Г.Сансызбайқызының алатын орны ерекше екенін атап өтті.
– Кітапхана – ауданның зиялы қауымы бас қосатын, оқырман қауым рухани қазына алатын құтты шаңырақ. Осынау мекемеде еңбек ету, басшылық қызмет атқару кімге де болса оңай емес. Бұл ретте, Г.Нұржакиева өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында талапшыл басшы ретінде мекеме жұмысын жетілдірді. Бүгінде аудандық кітапхана жаңа заман талабына сай жаңғырып, жаңартылып, облыстың алдыңғы кітапханаларының қатарына қосылды. Кітапханашылар ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына өзіндік үлесін қосып, түрлі форматтағы іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Бүгінде мемлекет тарапынан кітапханашылардың еңбегін лайықты бағалау бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да кітапханашыларды қолдау іс-шаралары жалғасатын болады. Ал ұзақ жыл еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шығып жатқан Г.Сансызбайқызына аудан әкімдігінің атынан алғысымды айтып, зор денсаулық тілеймін, – деген аудан әкімінің орынбасары аудан басшысының құттықтауын табыс етіп, ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапаттады.
Ұзақ жылғы қажырлы еңбекке лайықты құрмет көрсетілген іс- шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев бірлігі бекем, тірлігі көркем кітапхана ұжымының нәтижелі жұмысын жоғары бағалады. Бөлім басшысы еңбек жолын бастаған уақыттан бастап Г.Нұржакиевамен бірге жұмыс істеп келе жатқанын айтып, ардагерлік кезеңге қадам басқан ардақты жанның саналы ғұмыры ауданның мәдениет саласының өркендеуіне арналғанын атап өтті. Қиын кезеңдерде кітапханашылардың басын біріктіріп, халыққа сапалы қызмет көрсеткенін, аудан кітапханаларын үздік ұжымдар қатарына қосқанын, оқырмандардың оң бағасына ие болғанын айтты. Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы білікті басшы, іскер ұйымдастырушы атанған Г.Нұржакиеваның бастамасымен жаңа жобалардың қолданысқа енгізіліп, «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау жұмыстары кең көлемде жүргізілгенін жеткізді.
Іс-шара барысында аудандық кітапхана мекемесінің кәсіподақ ұйымының төрайымы З.Бакова, кітапханашылар Л.Әбдіреймова, М.Балмағанбетова, Л.Жұмабаева және ардагер Ұ.Қасымовалар сөз сөйлеп, сый-сияпат табыс етіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Өз кезегінде көрсетілген құрмет пен марапатқа алғысы айтқан Г.Нұржакиева әріптестерінің еңбегіне жеміс тіледі. Атап өту керек, мерейтойлық іс шарада аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ