Сәлем – сөздің анасы
Басқа әлемді шарлап кеткен ойымды екі баланың «Сәлеметсіз бе?!» деп шуылдаса амандасқан дауыстары бөліп жіберді. Бір кісі еркін сиятын аяқ жолдың аяқталып, көліктер әрлі-берлі зырғып жатқан үлкен көшеге түскенімді аңдамай қалыппын. «Сәлем, сәлем» деп жылы жауап қайтарғаныммен кішкентай балаларды тани алмадым.
Содан бұрынғы бір оқиға есіме түсті. Кішкентай кезімізде тек танитын адамға ғана сәлемдесу керек деген ой болатын. Ал танымайтын адамдарға ата-анамыздың «бұйрығымен» ғана амандасатынбыз. Бір күні мектепке бара жатып «танымайтын кісілерге де амандасса не болады екен» деген қызық ой келе қалды. Дәл қазір бір түрлі күлкілі болғанымен, сол кезде кішігірім «тәжірибе» жасап көргім келді. Мектепке барғанша және үйге жеткенше жол бойына көрген адамдарымның бәрімен амандасып шықтым. Тұра қалып жөн сұрап немесе қол алысып емес, әрине. «Сәлеметсіз бе» деймін де, қарсы келе жатқан кісінің күйін баға қалам. Кейбіреуі таныс кісіше жауап қайтарса, кейбіреуі сұраулы жүзбен қарап өте беретін. Әсіресе, үлкендер жағы шырамытып тұрған кісіше бір қарайды да, сәлемімді қабыл алатын.
«Сәлем – сөздің анасы» деген. Сөздің басы амандық сұрасумен басталса, «Сәлемі түзудің шаруасы тез бітеді» деген және бар. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша екі адам кездесе қалғанда кішісі бастап бір-бірімен амандасқан. Кейін мал-жанның амандығы сұралған. Ал асыл дініміз бейтаныс кісілердің де бір-бірімен амандасуын жөн санайды. Мұсылманша сәлемдесудің астарында тек есендік білу емес, бір-біріне игі тілек тілеу жатыр. «Ассалаумағалейкум» деу араб тілінен аударғанда «сізге Алланың сәлемі болсын» деген мағынаны білдіреді. Оған жауап ретінде «Уағалейкумассалам» деудің де мағынасы осындай. Демек сәлем берудің негізі – тілек, Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға ету.
Десек те қазіргі кезде сәлемдесудің мәні өзгеріп бара жатқандай. «Сәлем» мен «қалайсың» былай тұрсын, жастар арасында мәнсіз, мағынасыз жаргондар да жиі қолданылады. Бұл бір жағынан ғаламтордың «тәрбиесінен» болса, екіншіден тәлім мен бағыт-бағдардың әлсіздігі болса керек. Қалай айтсақ та, төл сөзімізді түзу әрі орнымен қолданғанымыз жөн.
Ең алғаш жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттап, алғашқы дәрістерді ерекше ынтамен тыңдап жүрген кезіміз. Әр мұғалімнің әдісі әр түрлі, әрқайсысы кіріспе сабақты түрлі тақырыпта бастайтын. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін тереңдете оқытатын пәннен сабақ берген Съезд Ақымбек ағай алғашқы сабағын «сәлемдесу» тақырыбына арнап, елу минут бойына амандық сұрасу үшін қай сөзді қолданған жөн деген мәселені тәптіштеп тұрып түсіндірген еді. Есімде қалғаны сәлем-сауқат сұрау үшін қолданылатын сөздің ең дұрысы – «арымаңыз», «армаңыз» формасын қолдану. Жоғары курс студенттері Съезд ағайды көрсе «Армаңыз» деп бізге өзгеше болып көрінетін формада сәлемдесуі бізге қызық көрінетін. Сөйтсек ағайдың қай курсқа болсын сабағы осы тақырыппен ашылады екен.
Ер кісілер бір-бірімен «Ассалаумағалейкум» деп амандасқанымен, әйел адамдармен және әйелдер бір-бірімен амандасудың «қалайсың» формаларын қолданып жатады. Зерттеулер мен пікірлерге сүйенсек, «қал», «хал» сөзін халқымыз жақсы жағдайда қолданбаған. Бұрыннан келе жатқан «Қалы кетті», «халі нашарлады», «хал үстінде» секілді тіркестер бар. Ұзақ уақыт төсек тартып жатқан кісінің көңілін сұрай барғанда «халі қалай?» деп сұрап жатады. Одан бөтен Шығыс Түркістандағы Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ақын Таңжарық Жолдыұлының түрмедегі азапты өмірді, өлмелі күндерді суреттейтін «Түрме халы» деген ұзақ дастаны да бар. Хал сөзі бұрынғы жыр-дастандарда да осы тұстас мағынада кездеседі.
Айтпағымыз, «Жақсы сөз – жарым ырыс». Сәлем-сауқат сұрасудың қате нұсқасы жоқ. Десек те қай сөздің болсын астарына үңіліп, түпнұсқасы мен шығу тегін де ойлай жүргеніміз жөн. «Сәлем», «кеш жарық», «күн жақсы болсын» – бұның бәрі сәлемдесуді білдіретін сөздер. Десек те бүгінде жиі қолданыла бермейтін «армаңыз», «арымаңыз» формасын қолдану біздіңше де жөн. Адам дені сау болса, жағдайы бүтін болса еш арымасы анық. Әрі бұл сөздің «ар» сөзімен байланысып келіп, ар-ұят мағынасын да беріп тұрғанын аңғаруға болады. Көп тілеуі – көл деген. Сәлемдесу әрі тілек тілеу мақсатында үлкенге де, кішіге де «арыма», «арымаңыз» деу орынды әрі жарасымды болса керек.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ