Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәлем – сөздің анасы

Сәлем – сөздің анасы

Халқымызда «Сәлем – сөздің анасы» деген тағылымды тәмсіл бар. Тереңіне үңілсеңіз, сәлем берудің мол сауап екенін түсініп, оған дұрыс жауап қайтару имандылықтың белгісі ретінде айшықталатынын аңғарасыз. Содан болса керек, ақылы дария көнекөз қариялар «сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» дегенді басшылыққа алады.
Біз күнделікті өмірде қалай сәлемдесіп жүрміз? Бұл өзі мән беріп, маңыздылықпен қарайтын дүние ме? Кім кімге бірінші амандасу керек? Қазақ қоғамы қатты ұстанатын имандылық негіздерінде сәлемдесу салты жөнінде не айтылған? Міне, бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп, аз-кем ой қозғауды жөн санадық.
Жасы кішінің жасы үлкенге бірінші сәлем беру керек екені айтпаса да түсінікті. Бірақ сол кішілерге біз осы қағиданы үйретіп, өзіміз үлгі көрсетіп жүрміз бе? Бір қарағанда, бұл жай іс секілді. Тіпті сөз етудің өзі артық сияқты. Алайда барлық кемшілік көп қайталана беретін сол жағымсыз жай істерден бас­талады емес пе?!
Жақында мына бір оқиғаға тап болдым. Көлік тізгіндеген атасы қарама-қарсы бағытта келе жатқан таныс кісінің қол көтергенін елемей, өте шықты. Мұны байқаған немересі «Ата, сізге әлгі ағай қол көтерді ғой, неге амандаспадыңыз?» деп сұрақ қойды. Ал атасы ойланбастан «Кейде көрмей өте шыққан да дұрыс» деп қойып қалды. «Онда мен де келесіде жасы үлкен кісілер неге амандаспадың десе, өтірік сізді көрмей қалдым деп айта саламын» деді немересі. Бұдан не ұғамыз? Бала айтқанды емес көргенді істейді, қайталайды. Яғни біз мән бермеген нәрсеге ол мән беріп, әдетке айналдыруы мүмкін. Бұл бір ғана мысал.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғибратты ғұмырында әрқашан бірінші болып сәлемдесуге асыққан екен. Себебі алғашқы сәлемдескен адамға көп игілік жазылатынын ұққан. Бүгінде бірінші сәлемдесуге емес, «бірінші сәлемдеспеді» деу­­ге дайын тұратындар көбейіп кетті. Бұл біздің пенделік кемшілігіміз. Осы ретте бірінші сәлемдесіп, аман-саулық сұрауға бейім тұрғанымыз жөн дер едім. Өйткені ата-бабаларымыз «әдебі жақсының – сәлемі жақсы» деген.
Иә, бір ғана сәлемдесу тақырыбына көп оқиғаны арқау етуге болады. Дұрыс сәлемдесу көп мәселенің шешілуіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан қоғам мүшелері сәлемдесу салтына шынайы көңіл бөліп, бір-біріне құрметпен қарау керек.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

02 қараша 2019 ж. 3 032 0