Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Молдабектің алма бағы

Молдабектің алма бағы

Берекелі Бесарық жұртшы­лы­ғы­на Молдабек Ақпамбетов есімі етене таныс. Еңселі еңбегімен танылған ар­дақты азаматтың ауыл тарихында алар орны ерекше. Саналы ғұмырын бағбан болуға арнаған қазыналы қарт қажыр-қайратымен елдің бере­кесін арттыра білді. Отыз жылдан аса уақытта алма бағына күтім жасап, мол өнім алды. Саялы бақтың өнімін ел игілігіне үлестіріп, ауыл халқының алғы­сын арқалады. Шаруаның қыр-сырына қа­нық­қан бағбанның көп­шілікке еткен қыз­метін жер­лестері әркез ұмытпайды.

Анығын айтқанда, ауыл іргесінде орналасқан баққа алма көшеттерін отырғызу 1956 жылы қолға алынады. 10 гектар аумақты қамтыған алма бағына Роза Пак есімді агроном Алматы апорты көшетін егеді. Ал 1985 жылы совхоз директоры Айдарбек Қадірқұловтың басшылығымен жа­ңадан 3 гектар жерге алманың жаңа түрлері отырғызылады.

Аса ыждағатылық пен ерекше кү­тімді қажет ететін алма өсіруді қолға алған Молдабек Ақпамбетов 1967 жылдан бастап бағбандық қызметті атқарған. Бұған дейін Жамбыл қол­хозындағы МТС-те еңбек етеді. Ке­йіннен бағбандық мамандықты кә­сіби тұрғыдан меңгере түседі. Қас қарайғанша алма бағынан шықпайтын еңбексүйгіш жанды ауылдағы абысын-ажындар «Бақтағы қайын аға» деп атап кеткен. Облыс көлеміндегі ха­лықты жылына бірнеше тонна алмамен қамтамасыз еткен бағбанның еңбегі өлшеусіз.

Тұрмысы түзеліп, тірлігі бекемделе түскен Бесарық ауылындағы алма бағының орнына бүгінде жаңа үйлер қоныс тепкен. Күні бүгінге дейін халықтың игілігіне жараған алма бағы №147 орта мектептің ауласында орналасқан. Аталған алма бағына бүгінде бағбанның ұлы Самат Молдабекұлы ерекше күтім жасап келеді. Жыл сайын алманың мол өнімін мектеп оқушыларына үлестіреді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ол алманың бірнеше түрін үйдегі бақшаға егіп қойған. Қырық түпке жуық жеміс ағашын баптайтын бағбан үшін әкеден қалған істі жалғастыру парыз.

– Бала күнім әлі есімде. Әр жылдары өз естелігімен алма бағы жадымызда қалды. Әкемнің жанынан бір елі қалмай алма өсірудің қыр-сырына қанықтым. Әр маусымда бірнеше тонна алма өнімдерін жиып-теретінбіз. Күніне 40-50 жәшік алма теріп, тиісті орынға жөнелтіп отыратын едік. Ха­лықтың несібесін арттырған алма бағында әкемнің айқын қолтаңбасы қалды, – дейді Самат Молдабекұлы.

Молдабек Ақпанбетов жары Өмір­күлмен 1961 жылы отау құрады. Ерлі-зайыпты саналы ғұмырларында 6 қыз, 5 ұлды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде №147 орта мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Самат Молда­бекұлы – қазыналы қарттың тоғы­зыншы перзенті.

– «Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деген тәмсіл бар қазақта. Осы кезге дейін әкемізден үйренген бар кәсіпті ізімізден ерген ұрпағымызға үйретіп келеміз. Әкем көзі тірісінде үйдегі бақшалық жерді жайқалтып, түрлі жеміс ағаштарын еккен болатын. Осы күні өзім де алма тұқымдарын өзара будандастырып, мол өнім алуға барынша ізденіп келемін. Талай жыл табанды еңбегімен танылған әке жолын жалғастыру – перзенттік борышымыз, – дейді Сәкең.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, Бесарық ауылының қазіргі келбеті ажарлана түскен. Аға буын өкіл­дері күні бүгінге дейін Молдабек Ақпамбетовтың алма бағын айтудан жалыққан емес. Кезінде Алматы апортымен қатар, түрлі алма сортын өсірген бағбанның жүріп өткен жолы өскелең ұрпаққа өнеге деп білеміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
27 қазан 2020 ж. 786 0