Қаламгерге құрмет
Биыл Халықаралық Жазушылар және ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Жұмабай Байзақұлы 65 жасқа толып отыр. Осыған орай, 12 авторлық кітаптың иесіне арналған Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің аудандық филиалында «Өмір жолы өнегелі қаламгер» тақырыбында кездесу өткізілді.
Кездесуде Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің аудандық филиалының басшысы Рахымжан Түрікбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесін құттықтады.
– Жұмабай Байзақұлының еңбектері Сыр тарихынан сыр шертеді. Өлкетану ісімен айналысуға бар ғұмырын арнаған Жұмекеңді кең пейіл азамат ретінде білеміз. Өңір тарихын зерттеп-зерделеген ардақты азаматтың көпшілікке берері мол. Жеке құжаттар қорын алдағы уақытта аудандық архив базасында толықтыра береміз. Аяулы ағамызды мерейлі жасымен құттықтаймыз, – деді филиал басшысы.
Өз кезегінде қаламгерге аудандық кітапхананың кітапханашысы Раушан Құлмаханова, аудандық музейдің ғылыми қызметкері Әділбек Шөжеев, І санатты архивист Рахима Сәметова жылы лебіздерін білдірді. Сонымен бірге архивист Гүлзат Мейрамбекова Жұмабай Байзақұлының өнегелі өмір жолын баяндады. Қарымды қалам иесінің марапаттарын, жүрек жарды жазбаларын таныстырды.
Қарымды қаламгер Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің аудандық филиалының ұжымына құрмет көрсеткені үшін өз алғысын жеткізді.
– Аудан тарихында архивтің қызметі айрықша рөл атқарады. Бұл мекемеде шаң басқан құжаттар тізбегі жасақталған. Өткен жылы жеке тектік қорға құжаттарымды тапсырған болатынмын. Өлкеміздің тарихын зерттеумен машықтанып келемін. Мәдениет және мемлекеттік салада қызмет еттік. Өз кезегінде адамның ой ұшқырлығын, ой-өрісін кеңейтеуде ізденіс ауадай қажет. Мен біршама уақыт іздену арқылы тарихи деректерге қол жеткіздім. Өзім туып өскен ауылдың жәдігерлерін жинақтап, қоғамдық негізде мұражай ашылды. Осындай еңбектерімді бағалап, құрмет көрсеткендеріңізге алғысым шексіз, – деді Жұмабай Байзақұлы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ