131 қорда қанша құжат сақтаулы тұр?
Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік мекеме. Мекемелердің құжаттарын сақтайтын немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы осы жерде сақталады. Аудандық архивтегі құжаттардың ішінде қаншама цифр мен адамдардың жүріп өткен жолы, олардың елге жасаған қызметі қатталып жатқаны анық. Архивтік құжат аудан тарихынан сыр шертетіні белгілі. Осы тұста біз аудандық архив мекемесінің қазіргі жай-күйін білмекке «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» Сырдария филиалының басшысы Ғалымжан Құлымбайға жолығып, бірнеше сауал қойған едік.
– Архив мекемесінің тарихи маңызы бар құжаттарды сақтайтын мекеме екенін білеміз. Аудандық архив қаншалықты тарихи құжаттарға бай?
– Жазба деректерді жинастырып, сақтау ісі тұңғыш рет ежелгі Мысыр елінен басталған. Одан кейін Қытайда, ежелгі Грекияда, Римде мемлекеттік дәрежеде қолға алынды. Ал Қазақстандағы архив жүйесі ХVIII ғасырдан басталады. Ол кезең Бөкей ордасы архивімен тұспа-тұс келеді. Ал Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толғанын ескерсек, архивте сақталған құжаттардың аз емес екенін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Аудандық архив 1988 жылы ашылған. Сол кезден бері қаншама мекеме атауы өзгерді, қаншамасы жойылып кетті. Ал оларда қаншама адам жұмыс істеді. Сондықтан архив тек құжат сақтайтын орын ғана емес, ол жерде сан мыңдаған адамдардың тағдыры тоғысқан жер. Бүгінде аудандық филиалда 131 қорда 34038 құжат сақтаулы тұр.
– Сіздерден құжат сұрайтындар, қызметтеріңізге жүгінетіндер көп пе?
–Иә, әсіресе, зейнет демалысына шығар сәтте, құжат іздеп, анықтама сұрап келетін кісілер көп. Оларға барлық жағдайды жасап, көмектесуге тырысамыз. Көптеген мекемелер жойылып, сол мекеме жайлы ақпарат сұраушылар да бар. Ал кезінде ата-анасы қызмет жасап, марқұм болғаннан кейін де балалары олар туралы қандай да бір дерек сұрап келеді. Одан басқа белгілі тұлғалардың тектік құжаттары, мекемелердегі бұйрық кітаптары, басқа да деректер, мекемелердің тарихы жайлы да құжаттар сақтаулы.
– Қазір барлық сала цифрландырылып жатыр. Бұған байланысты Сіздерде қандай жұмыстар жасалуда?
– «Электронды архив» бағдарламасы арқылы архивтік құжаттарды цифрлық форматқа енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 3285 істің 170052 парағы электронды нұсқауға енгізілді.
– Бұлардан басқа тұрғындарға, мемлекеттік мекемелерге қандай қызмет көрсетесіздер?
– Аудандық филиалы қорында сақтаулы тұрған архив құжаттарынан ақпараттар алу әрбір азаматтың заңды құқығы мен мүддесі. Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің аудандық филиалы қызметінің негізгі бағыты – «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметін көрсету арқылы азаматтардың сұранымдарын орындау. Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе үзінділерін алу үшін жеке және заңды тұлғалар өз сұраныс-өтініштерін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы және www.egov.kz «электрондық үкiмет» веб-порталы арқылы тапсыра алады. Өтініштерді орындау мерзімі өтініштің тіркелген күнінен бастап 11 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Архивтік анықтамалардың мәтіні оқиғалардың хронологиялық тәртібімен беріледі. Өтініштерге жауап Қазақстан Республикасы заңдарына сүйене отырып мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде жазылады. Анықтаманың мәтінінен соң оны жасауға негіздеме болған құжаттарды іздестіру деректері (қорлардың, тізімдемелердің, істердің, құжат парақтарының нөмірлері) көрсетіледі. Еңбек өтілін растау туралы анықтамаға архив құжаттарында сол уақытта бар мәліметтердің деректері қосылады яғни, азамат атқаратын және ол жұмыс істеген кезеңдегі лауазымның дәл атауы көрсетіледі. Еңбек өтілін растайтын құжат ретінде жеке құрам бойынша бұйрықтар, жеке шоттар, жалақы жөнінде тізімдеме, қызметкерлердің жеке істері пайдаланылады. Аудандық филиал қорында сақтаулы тұрған архив құжаттары – халық қазынасы. Өткен мен бүгінгіні жалғап отырған аудандық филиал қызметінің басты мақсаты – халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсету.
Сұхбаттасқан С.Сұлтанқызы