Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЛГІЛІ ҰЖЫМДАҒЫ МЕРЕКЕ

ҮЛГІЛІ ҰЖЫМДАҒЫ МЕРЕКЕ


Кент орталығында орналасқан №210 О.Әбіл­паттаев атындағы орта мектептің бай тарихы бар. Бұл білім ұясы бұдан 50 жыл бұрын шаңырақ көтеріпті. Ауданның 90 жылдығы мен осынау алтын ұяның жарты ғасырлық мерейтойы аясында мектеп әкімшілігі және бас­тауыш кәсіподақ ұйымы бірлесіп «Жыл басы – Наурыз, мол болсын дәм-тұз» тақырыбында тағылымды іс-шара өткізді.
Ұлық мереке бастауында мектеп ардагері, ауданның «Құрметті азаматы», биыл тоқсанның төріне шыққан қадірменді қарт Рақымжан Бәйменов көпшілікке ақ жарылқап бата берді. «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» дегендей ұстаздар ұйымдастырған мерекелік кеш ұлттық қанық бояуымен, қазақтың салт-дәстүрлерінің сәтті орындалуымен есте қалды. Кеште бірыңғай ұлттық киім киген жігіттер мен қыз-келіншектер мереке басталарда шашу шашып, тұсау кесер дәстүрін жасап, «Әуенді қоржын» ойынын ойнатты. Бұдан әз-Наурызда салт-дәстүрлеріміздің жаңғыратыны айқын көрініс тапты. Мектеп ұжымының Ұлық мереке қарсаңында жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Әз-Наурызды құттықтау сөзбен ашқан мектеп директоры Әсем Мәлікқызы Көшербаева ізгі шарада «Үздік тарих пәні мұғалімі – 2018» облыстық байқауының жеңімпазы Айгүл Тәжібаеваға облыстық білім басқармасының дипломы мен ноутбукты салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ мектеп басшысы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Сансызбайқызы Сағындық мектеп мұғалімдері Гүлзира Тәжімұратова, Нұргүл Күдебаева, Жанар Шакизадақызы және кіші буын қызметкерлері Гүлжан Әбішева, Гүлстан Жақанованы ұжымның «Алғыс хатымен» марапаттады.
Наурыз ізгі істер айы десек, мақтаулы білім ұясының ұстаздары Елбасы Жолдауын аудан тұрғындары арасында насихаттауда үздік шығармашылық жетістікке жетті. Аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Зейнуллаұлы Есназар үлгілі ұжымды Наурыз мерекесімен құттықтап, «Жолдау жолымен – білім биігіне» атты аудандық үгіт-насихат байқауының жеңімпазы мектептің «Яксарт» тобына диплом мен кубокты табыс етті. Осы орайда «Яксарт» тобы ертеңгі күні облыста аудан намысын қорғамақ. Оларға шығармашылық табыс тілейміз.
Мектептегі Наурыз думанындағы «Тұсау кесер» рәсімі кезінде көп балалы ана, ардагер ұстаз Роза Шайхысламқызы Үмбетаева аяғын апыл-тапыл басқан сәбидің тұсауын кессе, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер мұғалім Бақытжан Әбілпаттаев бүлдіршінге ұзақ өмір тілеп, бата берді.
«Әуенді қоржын» ұлттық ойынына сай әр үстел басында топ болып отырған қонақтар мен ұстаздар құлақтан кіріп бойды алар әсем әндер шырқады. Ортаға шығып, мың бұрала би биледі.
Мерекелік кеш барысында мектеп ұжымы өздерінің шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, өнерлі ұстаздар екендіктерін көрсетті.


Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ
31 наурыз 2018 ж. 1 703 0