Наурыз туып, жан бітті дүниеге, Жасыл нұрға малынып төңірегім
Наурыз - жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Мағынасы: парсының «нау» - жаңа, «руз» - күн, яғни «Жаңа күн» деген сөзінен шыққан. Наурыздың бірінші күні күн мен түн теңесіп, Жаңа жыл келеді. Наурызды жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметтейді. Сондықтан Жыл басы Наурыз жалпы халықтық мереке ретінде аталып өтіледі.
Наурыз мерекесі елімізде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан барша жұрттың ынтымағын жарастырып, ырысын тасытар күн. Наурыз мейрамы салт-дәстүріміздің, тіліміз бен дініміздің, бірлігіміз бен мен татулығымыздың, жаңаруымыз бен жарасымды ынтымағымыздың дамуына себепші ұлы мереке. Халқымыз «Бірлігі жарасқан елдің жұлдызы биік болады», деген қасиетті ұғымға жіті мән берген. Сол себепті көнекөз ата-бабаларымыз: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», - деп текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Бұл тұрғыда Наурыз мейрамы - береке мен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың мерекесі болып табылады.