Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАТЫР АТЫНДАҒЫ КӨШЕДЕГІ МЕРЕКЕ...

БАТЫР АТЫНДАҒЫ КӨШЕДЕГІ МЕРЕКЕ...


Наурыз мерекесі қарсаңында күн райы жылынып, көше тұрғындары жаңа жылдың жарқын үлгісін қайта жаңғырта түсті. Айрықша мәнге ие айтулы күнде кентке қарасты Б.Момышұлы көшесінің тұрғындары Бегімбаевтар әулетінің шаңырағында бас қосты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін дастархан басында белсенділік танытып, татулықтың үлгісін көрсетті. ҰОС және еңбек ардагері Я.Тасыров жиналғандарға ақжарма батасын берді. Кент әкімі Н.Бисембаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, дәстүр сабақтастығын қалыптастырған көпшілікке ризашылығын білдірді.
Ауылдың алты ауызын айтқан апаларымыз қазақы нақыштағы ұлттық дәстүрлерді түсіндіріп, әдет-ғұрыптарды дәріптеді. Жас өнерпаздар домбырамен күй шертіп, әндер шырқады. Ізінен ерген ұрпақтарға қариялар Наурыз мерекесінің тарихын айтып, бастан өткерген естеліктерін жеткізді. Өз кезегінде көше ақсақалдары А.Әшірбеков, Ә.Қалымбетов, Ә.Қаусов, С.Құлмаханов, А.Қойшығұловтар ауызбірлігі сақталған ағайынға жақсылық атауын әрқашан жалпақ жұртқа жария етуде белсенділік таныту керектігін жеткізді. Бірлігі жарасқан көше тұрғындар арасында көзге түскен жандар «Жас өнерпаз», «Үлгілі ақсақал», «Аяулы әже», «Іскер азамат», «Үлгілі отбасы», «Көп балалы ана», «Инабатты келін» номинациялары бойынша марапатталды. Жылдар бойына тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан тұрғындар ұлттық киімдерді киіп, ерекшелігімен танылды. Дидар әжейдің немересі Димаш Абайұлының тұсауын көпке үлгі болып, инабатты келін С.Бекжүнісова кесті. Сәбидің келешегі жарқын болсын деген жұртшылық көрімдік берісті. Бұдан кейін бозкілем үстінде дене қыздырған балалар мен үлкендер бір-бірімен күресіп, жеңімпаздарды анықтады.
Жайдарлы күннің берекесін сезінген тұрғындар легі жүзден асып, әрқайсысы өз үлестерін қосты. Тұрғындар өткенге шолу жасап, әр шаңыраққа амандық айтысты. Міне, біз көрген мереке жаңғырығы осылайша жарасым тапты. Келіндер сәлемін салып, салтынан айныған емес. Азаматтары абырой биігінен көрініп, үлкендердің ізін нық басқан. Көше тұрғындары келесі жылыда осы қарқынды жоғалтпай бір шаңырақ астында жиналмақ ниетте.

Б.ОРДАБЕКОВ
27 наурыз 2018 ж. 1 044 0