Білікті қаржыгер
Аудандағы бюджеттің игерілуін, мақсатты атқарылуын қадағалау аудандық қазынашылық басқармасының құзыретіне кіреді. Аталған басқарманың басшысы Загира Рахымшаева – ең күрделі саланы басқарып отырған білікті маман.
Аудандық басқарманың тізгінін 2015 жылдан бері ұстап келе жатқан тәжірибелі басшы Тартоғай ауылында дүние дидарын ашқан. Әкесі Б.Рахымшаев ауылдық кеңес хатшысы, мектеп директоры болған. Ал анасы К.Бохаева сан салада қызмет етіп, ұл-қыздарын жетілдірген. Көпбалалы отбасында өсіп-жетілген З.Рахымшаева мектепті үздік бітіріп, «СССР-дың 50 жылдығы» атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінде «Есеп және экономика» мамандығын оқыған. Есепке жүйрік жан жоғары білім алған соң Қызылордадағы «Қазетсүтсауда» бөлу тоңазытқышы мекемесінде табан аудармастан он жыл еңбек етіп, тәжірибелі маман атанады. Ал 1996-1998 жылдары облыстық бюджет банк басқармасында жетекші экономист ретінде халыққа қызмет көрсетеді. Осы тұста аталған басқарма облыстық қазынашылық басқармасымен біріктіріледі. Есеп-қисаппен айналысатын мамандар осы жерге топтастырылып, тәжірибелі маман қазынашы ретінде еңбек жолын жалғайды.
Жаңа ғасыр басталғанда З.Рахымшаева Қазақстандық экономика және құқық институтында қаржыгер мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Біліктілігі жоғары маман облыстық қазынашылық басқармасында жетекші қазынашы, бас маман-бас қазынашы, жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бастығы, кадр және заң қызметі басқармасының персоналмен жұмыс істеу және арнайы жұмыстар бөлімінің бастығы қызметін жауапкершілікпен атқарып, сала жұмысының дамуына өзіндік үлес қоса білген.
Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару – мемлекеттік қызметшінің негізгі ұстанымы. Осыны білетін басшылық 2015 жылы Загира Рахымшаеваны аудандық қазынашылық басқармасы басшылығына тағайындап, зор сенім білдіреді. Сол сенім үдесінен шығып, бүгінде аудан бюджетінің түсімдерінің уақытылы түсуі мен оның игерілуін қамтамасыз ететін саланы абыроймен басқарып келеді.
– Басқарма алдындағы міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Осыған байланысты біздегі қызметтер цифрлық жүйеде жүргізіледі. Бүгінгі таңда басқарма қызметкерлері 58 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетеді. Атап өту керек, биылдан бастап аудандық білім бөліміне қарасты 17 мектепке дербес шоттар ашылды. Бұл саладағы жұмыстың жауапкершілігі жоғары. Басқарма басшысы болып келгелі бюджет түсімдерінің тұрақты игерілуіне жұмыс жасап, ауданның дамуына қызметкерлермен бірге жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, – дейді Загира Байқоңырқызы.
Қатардағы қазынашыдан бастап басқарма басшысына дейін қызмет сатыларынан өткен мемлекеттік қызметшінің еңбегі елеусіз қалған емес. ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР ҚМ Қазынашылық комитетінің «Құрмет грамотасымен», «Қызылорда облысына 70 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, МҚІА Қызылорда облысы бойынша Департаментінің, сондай-ақ облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
Өмірлік серігімен ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана мемлекеттік қызметте мерейге бөленіп келеді. Білікті қаржыгердің сала жұмысының өркендеуінде өзіндік орны бар.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ