Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиция қызметінің білікті маманы

Полиция қызметінің білікті маманы

Гүлнәз Әбдіраманова – Сырдария аудандық полиция бөлімінде 17 жылдан бері құжаттамалық қамтамасыз ету тобының жетекші маманы болып қызмет етеді.

Аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі алғашқы еңбек жолын ішкі істер бөлімінде 2005 жылдан бастады. Гүлнәздың мамандығы кеден ісі болғандықтан, жоғарғы білімді "Болашақ" университетінен алады. Болашақ заңгер қызметте жүріп, табан аудармастан бір салада абыройлы қызмет етіп келеді.

– Ауданның полиция қызметінде алғаш еңбек жолымды бастап, осы уақытқа дейін бір салада келемін. Тәртіп сақшыларының атқарып отырған қызметі көз алдымда. Олар тәулік бойы халықтың тыныштығын сақтауда, адамдардың құқығын қорғауда, қылмыстың алдын алуда, қылмыспен күресуде барын салуда. Тәртіп сақшыларының қызметі құжаттың уақытылы, әрі сапалы орындалуымен байланысты. Ал жұмыстың дұрыс үйлестірілуі біздің құзырымыздағы міндет. Қазір барлық құжаттар электронды айналымда. Дегенмен жауапкершілігік жүгі жеңілдеген жоқ. Мекемеге келіп түсетін құжаттарды кірістеуден бастап, шығысы, баянаттар мен бұйрықтардың уақытылы орындалуын, жалпы құжат айналымын басқарып, қадағалау тікелей міндетім. Кейде уақытпен санаспауға тура келеді. Дегенмен қызметіміз салғырттықты көтермейтіндіктен, жүктелген жұмысты кемшіліксіз атқаруға тырысамын, – дейді білікті маман Гүлназ Әбдіғаппарқызы.

Күніне 50-ге жуық құжат айналымын реттеп отыру міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын білікті маман әріптестері арасында құрметке ие. Бүгінде отағасы Нұрлыбек Омаровпен бес баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана ата мен ененің де бабын жасауға үлгіріп отыр.

Осындай өнегелі отбасының түтінін түтетіп отырған ибалы келін, полиция бөлімінің қызметкері Гүлназ Әбдіраманованы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, шаңырағына шаттық, қызметіне абырой тілейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 наурыз 2022 ж. 401 0