Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » IV ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТ ЕНГІЗІЛМЕК

IV ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТ ЕНГІЗІЛМЕК

Аудандық Қазынашылық және кірістер басқармаларының, сондай-ақ аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің қызметкерлері 2020 жылдан бас­тап халық саны 2 мыңға жетпейтін ауылдық округтерде ІY бюджет деңгейінің енгізілуі бойынша А.Тоқмағанбетов және Қалжан ахун ауылдық округтерінде ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді.
Екі ауылда ұйымдастырылған дөңгелек үстелге ауыл әкімдері, есепшілер, ауыл тұрғындары, шаруа қожалығының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Хабиева 2020 жылдан бастап халық саны 2 мыңға жетпейтін ауылдық округтерде ІV бюджет деңгейі енгізілетінін баяндады. Бұл Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамында көрсетілген. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бас маманы И.Мақаш ІV деңгейлі бюджеттің жоспарлануы мен рәсімделетін құжаттар бойынша түсіндірме жасап, ІV деңгейлі бюджет нақтыланған кезде шешімді ауыл әкімі шығаратынын жеткізді. Сондай-ақ Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Э.Байманова ауылдық округ әкімі аппараты мен шаруа қожалықтардың қызметкерлеріне өңір бойынша түсімдерді дұрыс түсіру жолдарын көрсетсе, аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы Ә.Маханбетәлиев ІV деңгейлі бюджетті енгізу кезінде ғаламтор байланысының маңызына тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан ІV деңгейлі бюджеттің атқарылуы барысында жұмыста туындауы мүмкін мәселелер және жұмыс сапасын көтеру, технологиялық процестерді қолдануды жақсарту бағытында ұсыныс-пікірлерін айтты.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

26 қараша 2019 ж. 952 0