ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТ: МӘСЕЛЕНІ ЖЫЛДАМ ШЕШУ ЖҮЙЕСІ
ЕЛБАСЫ Н.Ә.Назарбаев Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 98-қадамында «Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» жөнінде тапсырма берді. Бұл қадам екі кезең бойынша өрбиді. Алғашқысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастау алып, 2000-нан аса халқы бар елді мекендерде дербес бюджет қалыптаса бастаса, екінші кезең 2020 жылы жүргізілмек. Ауылдарда жергілікті бюджетті жасақтаудың тиімділігі зор. Сондықтан бұл екі кезеңде іске асырылып, барлық жерде жергілікті бюджет болады. Осыған орай, аудандық қазынашылық басқармасында «Аудандар мен ауылдардың дербес бюджеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Абдықалықов, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі, Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мамандары мен салық жинаушылар, есепшілер қатысты.
Жиынды ашқан аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева дөңгелек үстелдің мақсат-міндетіне тоқталды.
– Өткен жыл ішінде жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне ену үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Ол үшін, біріншіден, халық саны 2000-нан асатын кент және ауылдық округтер бойынша халық саны, дербес компьютерлермен жабдықталуы, ғаламтор байланыс жүйесіне қосылуы жөнінде айына 2 рет ақпарат жинақталып, жоғарғы органға ұсынылып отырды. Екіншіден, мамандарды «Қазынашылық-клиент» АЖ-де бизнес процестер бойынша тесттік базада 7 тақырыпта оқыту жұмыстары ұйымдастырылды. Негізі, бүгінгі шараның мақсаты – ауданда дербес бюджет енгізілген кент және 7 ауылдық округ бойынша бюджеттің атқарылуы барысында туындаған мәселелерді қарау және жұмыс сапасын көтеру, технологиялық процестерді қолдануды жақсарту бағытында ұсыныс-пікірлерді ортаға салып, оның шешу жолдарын қарастыру, – деген басқарма басшысы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысты өзгерістерді атап көрсетті.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамын іске асыру бағытында ҚР-ның 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы ҚР Заңына және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осы орайда, ҚР Бюджет Кодексінің 9-1-бабында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттеріне анықтама берілген. Онда: «Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің, оған ведомостволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті болып табылады, – делінген. Ал 52-1-бабында осы жергілікті бюджетке түсетін түсімдер айқындалған. Атап айтқанда, салықтық түсімдер, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер және трансферттер. Әр елді мекеннің жергілікті бюджеті болғанда ауыл дамып, көркейетінін, халықтың әл-ауқаты жақсаратынын айтқан басқарма басшысы сөз кезегін Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Абдықалықовқа берді. Мұхамбедияр Сағатбекұлы дамыған елдерде мұндай жүйе қалыптасқанын, қазіргі таңда елімізде енгізіліп жатқанын жеткізді. Жергілікті бюджет елді мекендегі мәселелердің жылдам, жүйелі шешілуіне ықпалы зор екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қазынашылық басқармасының әр ауылдағы мамандары биылдан басталған жүйенің тиімділігін, жетілдіру тұстарын жеткізіп, ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, дербес бюджет қалыптастырудың кезең-кезеңімен іске асырылуын аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Хабиева слайд арқылы көрсетіп, түсіндірді.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған басқарма басшысы З.Рахымшаева дербес бюджетке түсетін түсімдерді уақытылы орындап, біріге жұмыс жасап, мамандарға жұмысты жүйелі жүргізуге шақырды. Ұсыныс-пікірлер қаперге алынып, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 2