Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктегі күндей, көктемгі гүлдей, айналған елдің бағына...

Көктегі күндей, көктемгі гүлдей, айналған елдің бағына...

Жүректі нұрға, көңілді жырға толтыратын, көктемдей құлпырған арулардың ажарына ажар қосатын шуақты мереке де келіп жетті. Егер көктемнің екінші аты болса, онда ол Әйел-Ана деп аталар еді. Өйткені, адамзатқа əлемнің жарығын сыйлаған ананың, өмірдің шамшырағы болған қыз-келіншектер мен қарындастарымыздың өмірдегі алатын орны ерекше.

Қоғамымыздың қарыштап алға басуына лайықты үлес қосуды мақсат етіп, талмай ізденіп, аянбай еңбек етіп келе жатқан нәзік жандылар қауымы барлық құрметке лайықты. Азаттықты армандаған ата-бабаларымыздың ақ білектің ұшымен, ақ найзаның күшімен ұлан-байтақ жерді бізге аманаттауының астарында батырлық, қайсарлық, ержүректік ғана емес, тектілік те жатыр. Қаһарман бабалардың тұла бойына ананың ақ сүтімен дарыған сол тектілік – біздің қасиетіміз, киеміз. Сондықтан халқымызда ең қастерлі ұғымдар Ана атауымен байланысты.

Сыр өңірі елімізге белгілі абзал аналарға кенде емес және олардың бүгінгі ізбасарлары да үлгілі. Бір ғана Сырдария ауданында есімі елге белгілі, ел-халық түгел қадірлейтін, құрметтейтін ардақты жандар көп. Олардың қатарында Күләнда Әбдіраманова, Балдырған Мұстафаева, Күлжан Әуезова, Алтынай Адаева, Күләш Әсімова, Балапан Арзымбетова, Рабиға Іздіқұлова, Айша Меңлібаева, Нәзира Сисенова, Баһаркүл Қордабаева, Дәрікүл Садықова, Бексұлу Синаева, Сәуле Өмірзақова, Райкүл Жалғасбаева, Рысты Өкшебаева, Бисенкүл Сәриева, Баян Құтыбаева, Дина Айсина, Алмагүл Божанова, Алма Бақтиярова, Ұлмекен Жаналиева, Злиха Сыздықова, Шырынкүл Әбитова, Сәрсенкүл Тәнкенова, Алма Қашақбаева, Әлия Төлеуова, Анар Ізбасарова, Манат Есенбаева, Күлбарам Әбіловалардың есімін ерекше атауға болады. Ғибратты ғұмыр иелері – бір отбасының ғана емес, бүтін бір әулеттің шамшырағы. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген белгілі отбасылардың берекесін кіргізген әйел-аналардың барлығы бүгінде «Ел анасы» деген құрметті атқа лайықты.

Бүгінде қыз-келіншектер ел дамуының барлық саласында еңбек етуде. Министр, әкім, сенатор, мәжіліс-мен, қала берді басқарма, бөлім, мекеме басшысы секілді лауазымды қызметтерді нәзік жандылар еңсерді. Бір ғана мысал, аудандағы мемлекеттік мекемелерде 9 әйел басшылық лауазымда еңбек етуде. Ал мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 130 болса, оның 52-і қыз-келіншектер. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың 12 депутатының 3-і әйел. Бұл – мемлекетіміздің нәзік жандыларға деген қолдауы мен қамқорлығы. Бүгінде ауданда 66 «Батыр ана», 249 алтын құрсақты «Алтын алқа» және 618 «Күміс алқа» иегері бар.

Жалпы халықаралық əйелдер күні – шуақты көктемнің ғана емес, нəзік махаббаттың жəне ырыс пен ынты-мақтың мерекесі. Себебі отбасының ұйытқысы, дəстүрдің сақтаушысы, ұрпақ тəрбиесінің, адамгершіліктің қайнар көзі əйел-ана гүлдей жайнап, адам өмірін сəн-салтанатқа толтырады, əлемге жылылық, мейірім, татулық нұрын шашады. Алтын құрсақты аналарды ел келешегінің рухани сақшысы десе де болады.

Көктем мерекесінде егемен еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайту жолындағы қажырлы еңбегі үшін барша нәзік жанды арулар қауымына шексіз алғысымызды білдіреміз. Мерекелеріңіз құтты болсын, әлемге әр, жүрекке нәр берген аяулы әз арулар!


А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
06 наурыз 2022 ж. 470 0