Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Тіршілік тынысы" аруларын құттықтады

"Тіршілік тынысы" аруларын құттықтады

Бүгін көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында аудандық «Тіршілік тынысы»  газетінің ұжымы бас қосты.
Бас қосуда  ұжымның  қыз-келіншектерін аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің Бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, біз күнделікті өмірімізді әйелдерсіз елестете алмаймыз. Нәзік те әдемі, мейірімді де мейірбан, қамқор да қайырымды, адал да таза, көрікті де келбетті нәзік жандылар өміріміздің сәні ғана емес, мәні. Сондықтан халқымызда «Әйел әлемге әр, ерге нәр береді» деген сөз бар.
Баршаларыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Аналарымыздың, әйелдеріміздің, әпке-қарындастарымыз бен қыздарымыздың қадірін біліп, бір-бірімізді бағалап, сыйлап, құрметтей білейік!
Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын кең-байтақ жерді бізге аманаттаған ата-бабаларымыз батыл, батыр, қайсар ғана емес, текті де болды. Сол тектілік ананың ақ сүтімен, жанының, тәнінің тазалығымен сіңді. «Алып анадан туады» деп айтылатыны сондықтан. Сондай-ақ ең қастерлі, қасиетті Жер-Ана, Отан-Ана, Табиғат-Ана секілді ұғымдар Ана атауымен байланысты. Бұл ананың өмірдегі орны ерекше екенін білдіреді, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Біздің ұжымда жалпы саны 35 адам қызмет атқарады, оның ішінде әйелдердің саны 25, бұл 68 процентті құрайды. Осыдан-ақ ұжымдағы әйел-аналардың үлес салмағы басым екенін аңғаруға болады. Санаулы күндерден кейін бірінші тоқсан қорытындыланады. Бүгінде екінші жарты жылдыққа баспасөзге жаздыру жұмыстарын бастап кеттік. Бүгінде 50 адам аудандық газетке жазылып тұр. Алдағы уақытта да  бұл бағытта ұжым қызметкерлері бірлесе еңбек етеміз деген Бас редактор ұжымға сенім білдірді.
Өз кезегінде Ақтөре Ибрагимұлы  табан аудармастан 27 жыл бір мекемеде еңбек етіп келе жатқан Гүлсім Ахметжанқызына аудан әкімі Руслан Рүстемовтің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен бірге ұжымның ер-азаматтары ұжым қыз-келіншектеріне сый-сияпат ұсынды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
06 наурыз 2020 ж. 1 216 0