Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туымы бөлек, тұғыры биік тұлғалар

Туымы бөлек, тұғыры биік тұлғалар

Аудандық газеттің 15 ақпандағы №13 санында жергілікті өлкетанушы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбеттің даңқты Қайқы батыр туралы жазған авторлық мақаласы жарияланған болатын. Аталған мақаланы оқыған оқырман қауым редакцияға хабарласып, пікір білдіріп, бізге Қазақстанның құрметті журналисі, Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы, марқұм Ахат Жанаевтың қолжазбасын ұсынды. Осыған орай елге қорған болған батыр туралы жазылған зерттеуді газетімізде жариялауды жөн көрдік.

Бұл кісі жайлы өзімізге қажетті дерек көздерін мұрағат сөрелерінен кезіктіре алмадық. Сондықтан кезінде Қайқы батыр­дың көзін көрген Беркінбай кәлпе және Жанұлы сынды шежіреші ағаларымыздың естелік­терін пайдалануымызға тура келді. Кейінгі толқындардың да қаперінде жүрсін, жадында сақталсын деген шығар, әйтеуір, әлгі кісілер ата-бабаларымыздың арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғап, бізді бір байытып тастайтын. Олардың әрбір әңгімесін ұйып, зейін қоя тыңдаушы едік. Өкінішке орай көкірегі құт-көмбе іспетті мұндай абыздарды қазір кезіктіре алмайсыз.
Бірнеше ғасырлар бойы «шынжыр балақ, шұбар төс» әулет аталып келген Өмірқұл аталығынан өсіп-өнген батырлар шоғыры 4-5 ата бойы үзілмей кешегі Кеңес дәуіріне, яғни, қайтыс болғанына бір ғасыр толып отырған Қайқы батырға дейін жалғасып келген-ді. Және бұл аталық әулие-әмбиелерден де кенде емес. Замандастарының айтуына қарағанда Өмірқұл бабамыз өз заманының аса ауқатты, төрт-түлік малы тел өскен, бұған қоса атымтай жомарттығымен де ауазасы алты Алашқа жайылған кісі болса керек. Осынау ен байлыққа, жер қайысқан малға кім сұқтанбайды дейсіз?! Ол кезде де ұры-қарылар аз болмаған ғой. Осының бәріне иелік қылатын, бірін екі ететін, өрісін, жайылымын қорғайтын жарақты ұлы болмағандықтан Өмекеңнің де көңілі бірленбей, алаңдаумен болады. Ақыры осы ой-арманын тәуекелге бел буып, сыйлас, сырлас замандасы, жерлесі Мүсір­әлі әулиеге келіп жеткізеді.

– Уа, әулием, Сіз жеті өлікке жан бітіріп, жеті пірге қол берген, бізден гөрі Аллаға бір табан жақын тұрған ғұламасыз ғой. Сіздің сөзіңізді, тілегіңізді Жаратушы Иеміз жерге тастамайтын болар. Ұлсызға ұл, қызсызға қыз сұрап алып беріп жатқан көрінесіз. Арасында бізге де шарапатыңыз тисін. Өзіңіз білесіз, Құдайға шүкір 2-3 ер баламыз бар ғой. Қазаққа қанша перзент болса да артықтық етпейді. Мың мәрте тәубе, қанағат. Десе де, маған елі мен жеріне, төрт-түлігіне иелік етер ержүрек бала қажет болып тұр, сол есіңізде жүрсінші, – дейді. Арада бірнеше күндер өткен соң Мүсірәлі әулие: «Қолыңызды жайыңыз, ниетіңіз түзу, пейіліңіз пәк жансыз ғой. Алла Тағала сізді көш бастайтындай Қарқара есімді ақылды қызбен, қол бас­тайтындай Сәрке атты батыр ұлмен жарылқайтын болды. Екеуінің де бауы берік, өзіңізге сенімді серік болсын», – деп ағынан жарылып ақ батасын береді.
– Ойпырмай, әулием-ай, мен Сізден батыр болып туылар бір ғана ұл сұрап едім, қызды да қосып бердіңіз әрі оның есімін бірін­ші болып атадыңыз ғой дегенде:
– Қарқараның заты қыз демесеңіз, оның бауырынан өрер ұрпақтың батырлығы үш атаға дейін жалғасар, ұзақ жасар, ал, Сәркенің баһадүрлігі төрт-бес атаға ұласар, – деп сөзін аяқтайды. Айтқанындай-ақ, Ақтөбеге табындарға бүкіл сән-салтанатымен ұзатылған Қарқара апамыздың бауырынан өрген Барақ, Асау және Дәулет есімді перзенттер хас батыр­лығымен тарихта қалады. Өзіміз әңгіме­легелі отырған Қайқы атамыз Сәрке батыр­дың Қареке есімді туған ағасының шөбересі болып келеді. Бұл кісі шамамен 1845 жылы өмірге келген. Әкесі Ұзақ қанды шайқастардың бірінде мерт болып, артында қалған жалғыз ұлы ерте есейіп, ел қатарына келіп қосылады. Әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ, ел аузына ілігіп, түйе палуан атанады. Ат құлағында ойнайтын шабандоздығы өз алдына, бертін келе найзагерлік һәм мергендік мектебінен өтеді. Сөйтіп, бозбала шағында-ақ «Қайқы батыр» деген атаққа ие болады. Әдетте біз бұл атақты қанды шайқастарға қатысқандарға қиғанымызбен осы қантөгістердің алдын алып, сан мыңдаған бейкүнә жандарды ажал аузынан аман алып қалғандарға сараңдық жасап жүрген сияқтымыз. Бұл әділдік емес, әлбетте. Біздің кейіпкеріміз де Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай батырлардай қалың жаумен бетпе-бет келіп шайқаспағанымен ылғи қауіп-қатері мол дау-жанжалдың, үлкенді-кішілі толқулардың, қақтығыстардың бел ортасында жүргені ақиқат.
Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешуге, төрелік айтуға да батыл жүрек, ақыл-парасат, тапқырлық керек-ақ. Қайқы батыр бүкіл саналы ғұмырын елі мен жерінің тұтастығын, бірлігін, тыныштығын көзінің қарашығындай қорғауға, абырой-беделін асқақтатуға арнаған біртуар азамат болған. Келтірер болсақ, оған мысал көп. Бірақ, оның бәрін тізбелей берудің де қажеті болмас деп ойлаймыз. Бір ерекше атап өтер жайт, Қайқы атамыздың өз заманында Алданазар би, Қалжан ахун, Шортанбай шешен, Табынбайұлы Жарықбай жырау секілді бір-бірін үнсіз ұғысар сыйлас, сырлас замандастары көп болған. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, бұлар әдетте қиын, күрделі дау-жанжалдарды бірлесіп, ақылдасып шешкен, ешқашан ақиқат ауылынан ауытқымауға тырысқан. Осындайда от ауызды, орақ тілді Жорықбай шайырдың мына бір жыр шумақтары еріксіз ойға орала береді.
Әркімнің өзіне лайық бағасы бар,
Жөкеңнің де Қайқыдай ағасы бар.
Тура биде туған жоқ, бәрі де рас,
Дей алман жұрттың бұған таласы бар.
Сөйлеп кетсе бұл кісі шешен еді,
Ер құнын да қиналмай шешер еді.
Текті әулеттен тараған азамат қой,
Есіл ер көсем еді, көшелі еді...
Бұқарбай батырдың қартайған шағы болса керек. Барып сәлем берейін, бірер күн жанында болып, көңілін көтеріп қайтайын деп Қайқы жолға шығады. Қасына бірер жігітті ертіп, күздеуге келіп құлаған батыр ауылына келіп жетеді. Қарулас ағасы да сағынып қалса керек төбесі көкке жеткендей қуанады. Ауыл-аймақтың, ағайындардың амандығын түгендеймін дегенше ас та әзір болады. Дастархан басында елдің тыныштығы, ауызбірлігі жөнінде әңгіме қызып сала береді. Бұқарбай батыр:

– Қайқы, айналайын, сәлем бере келсең саламат бол. Сыр бойын жайлаған ағайындар мына өзіңе аманат. Өзің бар, билік басындағы азаматтар бар, елдің іргесін бекемдеп, шаңырағын шайқалтпай, босағасын берік ұстап отырған көрінесіңдер. Бұларың – көрегендік, әлбетте. Қазақ қазақ болғалы қанды қақтығыстардан көз аша алмай келеді ғой. Тағдыр бізді қашанғы жылата берер дейсің. Азаттық таңы да атар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заман да орнар. Алла соған жеткізгей деп тілейік. Біз болсақ қартайдық. Өзіміз көрмесек те ондай заманды ұрпақтарымыз көрер. Осының өзі қандай бақыт, мәртебе десеңізші! Асықпағын, бірер күн тынығып, осы жақтағы ағайындардың дәм-тұзын татып, батасын алып, қайтқайсың. Ұмытпай тұрғанда айтайын, өзің көріп тұрғандай анау кереге басында 5-6 қылыш ілулі тұр. Небір қиянкескі қантөгістерді бастан өткерген, талай-талай дұшпанның түбіне жеткен қару ғой. Сонымен әлгі қаруды Қайқы атамыз өлер алдында өзіне ұқсап жүректі болып туған Нарша есімді ұлына табыс етеді. Нарекең отызыншы жылдары Тереңөзек ауданында жауапты қызмет атқарады. Аудандық атқару комитетін басқарып тұрған Ерман Мыңбаев деген замандасымен жақсы сыйластықта болған. Ерекеңнің нәрестелері сол кезеңде неге екені белгісіз қырқынан шығар-шықпастан бірінен соң бірі шетіней берсе керек. Аянышты жағдай-ақ, бірақ қолдан келер қандай амал бар?! Бірде Нарекең әкесі сыйлаған әлгі қылышты ырымдап бесікке таңып көреді. Күні бойы шырылдап жатқан нәресте бусанып, ұйықтап кетеді. Мына кереметті қараңыз! Сол сәттен бастап бұл үйге құт-береке, бақыт кіреді. Сәбилері бірінен соң бірі өсіп, жетіле бастайды. Өз кезегінде Ерекең де досына алты­атар тапаншасын сыйлайды.

«Ел құлағы елу» дегендей әлгі жағымды жаңалық өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары біздің құлағы­мызға шалынып, ақырында Мыңбаевтар әулетінің ризашылығымен әлгі қылышты Жалағаш ауданы, Бұқарбай ауылындағы батыр музейіне табыс еткен болатынбыз. Араға бір ғасырдан астам уақыт салып, батыр баба қаруымен қайта қауышқан жұртшылықтың қуанышында шек болған жоқ. Осы орайда, әлгі қаруды көзінің қарашығындай сақтай білген батырларымызға да, Нарекеңе де, Ерекеңе де алғысымыз шексіз. Жатқан жерлері жәннат, топырақтары торқа болғай! Қайсы бір істің болмасын сәті болады. Бұл да оңынан атқарылған шаруа болды. Сонау 1890 жылдары Қайқыға тарту етілген Бұқарбай баба қаруы ақыры өзіміз сияқты елжанды азаматтарымыздың арқасында өз тұғырына жайғасты.
Ерекеңді де таныстыра кетейік. Бұл кісі ұзақ жылдар бойы Қараөзек теміржол стансасын басқарыпты. Суық қаруды сақтап отырсыз деген желеумен үйін қайта-қайта тінтіп, қорқытып, үркітсе де киізге орап, жер астына көмілген қылышты қорғап қалған. Ерекеңнің Рахима есімді қызы сонау елуінші жылдары жоғары оқу орнында бізбен бірге оқыды. Әлгі қылыштың дерегін мен о баста сол қарындасымыздан естіген болатынмын. Бұл игілікті шаруаға ол кісінің де тікелей қатысы болғанын айта кеткеніміз ләзім болар.

Енді Қайқы атамыздың бала-шағалары жайлы да әңгімелей кетейік. Жарықтық көзінің тірісінде. «4 ұлым – бір төбе де, Ажарым – бір төбе ғой», – деп отырады екен. Батырдың Бекжан мен Нарша есімді ұлдары кезінде ел басқарған, болыс болған азаматтар. Бекжан сонау 1920 жылы Бакуде өткен мұсылмандардың құрылтайына Сыр бойынан қатысқан тұңғыш делегат екенін бәрі біле бермейді. Ал Ажар есімді қызының болмысы тіптен ерекше болғанға ұқсайды. Ер мінезді, бірбеткей, өжет, батыл болып өссе керек. 1937 жылдың жазында егін орағының соңына қарай Ажардың жары Себепке «өзің басқарып отырған колхоздың астығын талан-таражға салдың, кім көрінгенге үлестірдің» деген айып тағып, халық жауларының қатарына қосып, сонау қияндағы Амурға айдайды. Нақақтан күйіп бара жатқан отағасын арашалап аламын деп қанша арпалысса да апамыз ештеңе шығара алмайды. Сөйтіп, сол жылдың күзінде бірді-екілі малын сатып, қарызданып, нар тәуекелге бел буып айшылық жолға жалғыз өзі шығады. Бұрын ауыл арасынан ұзап шықпаған, бір ауыз орысша білмейтін, отарбаға аяқ артып көрмеген жанның мұндай көзсіз тәуекелге баруы сол кезең үшін ақылға сыйыспайтын ерлік, жанкештілік болатын.
Апамыздың Орынбордан Сібірге баратын пойызға отырғанына бүгін екінші тәулік. Бет әлпетінен адам шошырлықтай баскесерлер, ұры-қарылар, жаналғыш жендеттер сұмдық, күпінің битіндей өріп жүр түге оларға адам өмірінің құны бес тиын. Сол бес тиын үшін олар бәрінен де тайынбайтыны ақиқат. Осыған орай, Ажар апамыз амалсыздан тілі жоқ мылқаудың, саңыраудың кейпін кейіп, іләлап межелі жеріне де аман жетсе керек. Колония басшылары қарапайым қазақ қызының адам айтса нанғысыз жанкештілігіне қайран қалады. Сөйтсе біздің апамыз мұнда бірінші болып жеткен қазақ қыздарының бірі де, бірегейі болып шығады. Сонымен ұзын сөздің қысқасы, апамыз әлгі колонияға 7 рет барып, 7 рет қайтып оралады. Көзсіз ерлігі елеусіз қалмайды. Колония басшылығы соңғы барғанында отағасын өзімен бірге біржола ертіп жібереді. Бұл да сол бір қатал заман үшін көз көріп, құлақ естімеген жағымды жаңалық болатын. Апамыздың көзін көрген абысын-ажындары, арамызда жүрген бірді-екілі келіндері ол кісінің өте қарулы болғанын 70 келілік дән толы қанарларды бір қолымен-ақ көтеруге қиналмайтынын, тіптен, асауларды ауыздықтап, үстіне қарғып мініп, құйғыта жөнейтін сәттерін жыр ғып айтып отыратын. Сондай-ақ, Ажар апамыз текемет басудың, кілем тоқудың, киіз үй әбзелдерін жасаудың да хас шебері болғанға ұқсайды. Осы мақаланы әзірлеу үстінде Ажар апамыздың облыс орталығында тұратын Райхан есімді 85 жастағы қызымен де жүздесіп, аяулы анасының қадір-қасиеттері, нағыз батырларға тән болмыстары жайлы қызықты әңгімелеріне қаныққан болатынбыз.

Мақаламызды қорыта келе айтарымыз: Қайқы батырдың Байна Наршаев бастаған ұрпақтары бабаларын әрдайым еске алып, рухына құран бағыштап отырады. Іске асырып жатқан имандылық шаралары да аз көрінбейді. Соңғы жылдары батыр кесенесі қайта жаңғыртылыпты. Батырдың атажұрты Қалжан ахун ауылының бір көрікті көшесіне есімі беріліп, көшесі абаттандырылған. Мұның бәрі қиын-қыстау кезеңде елге тұтқа болған, ел бірлігін назарда ұстаған ержүрек, даңқты батырға, тарихи тұлғаға деген құрмет.
Ахат ЖАНАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ радиосы мен
мәдениет саласының үздігі,
Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы
26 ақпан 2022 ж. 362 0