Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » «Сұлу-ай» – таланттар шеберханасы

«Сұлу-ай» – таланттар шеберханасы

Сан ғасырлық әлемдік өр­ке­ниетте өнер белгілі бір дәрежеде қайта түлеп, жаңару сатысынан өтіп келеді. Ұлт мәдениеті еш уақытта жұтамайды. Себебі қай дәуірде болмасын өмір сүрген тұлғалардың руханиятты дамытуда өзіндік тұжырымдамасы қалыптасқан. Шын мәнінде қазақ мәдениеті ғасырлар бойы ұлттың бет-бейнесіне айналғаны мәлім. Дәл қазіргі уақытта елімізде жастарды өнерге баулуға арналған шығармашылық орталықтары жұмыс жасайды. Жақында мемлекет қолдауының нәтижесінде Сырдария ауданынан «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылған болатын. біз талантты балалармен жұмыс жасап келе жатқан орталық жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Анар Сраждинқызы, ауданда ал­ғаш рет жастарға арналған шығар­машылық өнер орталығын ашу жө­ніндегі ой қалай пайда болды? Бірегей жобаның негізгі мақсаты қандай?
– Көптен бері балалар шығармашылығын дамыту үшін тың жобамен айналысу жоспа­рымда бар еді. Мәдениет саласында жи­нақтаған азды-көпті тәжірибеме сүйеніп, үйірмелер жұмысын жандандыруды қолға ала бастадым. Ауданның мерейін тасытып, ел алдына еш қымсынбай шыға алатын өнер жұлдыздарын тәрбиелеу маңызды. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы айрықша рөл атқарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бұқаралық спорт­қа, дене тәрбиесіне және балаларға басым­дық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орта­лықтарында спорт үйірмелерін ашу қа­жет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деген болатын. Міне, Мемлекет басшысының Жолдауы мәдениет қызметкерлерінің жұмысын жаңғыртуға серпін берді. Осы ретте өткен жылдың соңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы бұйрықтары аясында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы Сырдария ауданындағы елді мекендерден ашылды.

«Балалар жылы» аясында аталған өнер орталығының ауданымызда жұмысын бас­тағанына қуа­ныштымыз. Атаулы жылда жос­пар бо­йынша ауқымды жұмыстар жүр­гізіледі. Алдағы уақытта әрбір шаңырақта өнерлі өрендер тәрбиеленіп шығуына тілектеспіз.

Біздің негізгі мақсатымыз – балалардың талантын сан қырынан ашу. Бойындағы өнерді жарыққа шығару үшін кәсіби тұрғыдан білім беру. Мәдениеттің негізін қалаған майталмандардың еңбектері арқылы өнер­паздарға барынша бағыт-бағдар береміз. Әрбір жанр бойынша теориялық білім мен практиканы ұстаздарымыз қатар алып жү­реді. Кез келген мамандықта терең білім болмаса көздеген мақсатқа жету қиын.

– Көпшілік арасында өнер орта­лығының атауы не себепті «Сұлу-ай» қойылғаны жөнінде заңды сауал туын­дауы мүмкін?

– Сұлуай – менің анамның есімі. Анам – мәдениет саласының майталманы. Өз уақытында Сұлуай Зейнебекова мә­дениет саласының дамуына зор үлес қосты. Қиын уақытта мәдениент ошақтарының жойылып кетпеуіне барын салды. Ғұмыры қысқа болған анам шығармашылық жолында аянбай еңбек етті. Жергілікті жерлердегі жас өнерлі өренді тәрбиелеуде өз қолтаңбасын қалдырды. Анамның көзін көрген кісілер «Сұлуай тәртіптің падишасы» деп баға беретін. Ол мәдениет саласының майталманы ретінде өз еңбегін өнерсүйер қауым үшін аямады. 33 жыл ауылдағы клубтың меңгерушісі болған тұста облыс көлемінде өткізілетін іс-шаралардың бел ортасынан табылды. Әлі есімде сол жылдары ауылдағы ескі ғимараттың орнына жаңа клуб салуға күш салды. «Ойын-сауық отауының» әзіл­кештері ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Қажырлы ең­бегінің арқасында жоғарғы марапаттарға қол жеткізді. Сон­дықтан орталықтың ата­уын анамның есімімен атауды жөн санадым.

– Өнер орталығының үйірмелерінің жұмысына тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда «Сұлу-ай» шығар­машылық өнер орталығында 28 үйірме жұмыс жа­сайды. Атап айтар болсақ, Айдарлы ауы­лында «Эстрадалық вокал», «Шешендік өнер», «Домбыра», «Бисермен өру», «Домбырамен ән салу», «Көркем оқу», «Ұлттық би», «Кескіндеме сурет салу» үйірмесі шәкірттерді қабылдауға дайын. Сонымен бірге Жетікөл ауылындағы «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесі арқылы жас таланттардың жұлдызын жағатын боламыз. Ал Бесарық ауылы «Ұлттық би», «Көркем сөз» үйірмесімен, Шіркейлі ауы­лы «Домбырамен ән салу» үйірмесімен, Ақжарма ауылы «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесімен, Нағи Ілиясов ауы­­лы «Домбыра», «Ұлттық би», «Хормен ән салу», «Эстрадалық вокал» үйір­ме­сімен, Асқар Тоқмағамбетов ауылы «Ұлт­тық би», «Эстрадалық вокал», «Дом­быра», «Кес­кіндеме сурет салу» үйір­месімен, «Іңкәрдария ауылы «Домбыра», «Көркем оқу», «Пернелі аспаптар», «Оркестр ансамбль», «Ұлттық би» үйірмесімен қам­тыл­ған. Аталған үйірмелерде барлық жағдай жасалады.

Жүздеген өнерлі өренмен жұмыс жасау барысында үйірме оқушыларын кәсіби мамандар дайындайтын болады. Осы орайда балалармен жұмыс жасау барысында Рахия Абдукаримова, Ләззат Бекарыстанова, Алмат Өтеуов, Әсел Ибраева, Айгерім Жұмабекова, Мағжан Аманжол, Нұрила Кеңесары, Бекжан Жұмабаев, Ақмарал Бегалы, Мейірімжан Маханбетжанов, Ба­қытжан Әлтаев, Айым Арғынбекқызы, Маржан Әшірапбаева, Күмісбек Айжарықов, Ақжан Сәкенова, Гүлжан Досбаева, Аружан Әшірова, Ботагөз Қалиасқарова, Динара Жәкешова, Әнел Сансызбаева, Гүлназ Сералиева, Әбдіқадыр Сарыбаев, Әділбек Әзімжан, Зағира Ахметова, Нұрсұлу Ажарова, Ақниет Кеңесова секілді кәсіби мамандарымыз барын салады.

Иә, «Сұлу-ай» өнер орталығы арқылы талантты жастар өнер биігінен көрінуге толық құқылы. Болашақта таланттар шеберханасына айналатын өнер орталығы өз шәкірттерін күтеді.

– Өзіңіз жетекшілік ететін орта­лықтың материалдық базасын кеңей­ту жұмысы қай деңгейде жүзеге асырылуда?

– Бүгінде ауданға қарасты елді мекен­дерден ашылған үйірмелер бөлмесін қай­та жасақтап жатырмыз. Көрнекілік құралда­рымен жабдықтап, әр үйірменің мазмұнын ашатын жабдықтар алынады. Арнайы тақ­талар ілініп, жанрлардың ерекшеліктері, тарихи деректері жазылады. Өз саласының майталманы болған тұлғалардың қанатты сөздері ілінеді. Жетекшілерге көмекші құрал ретінде нұсқаулықтар дайындалады.

– Алдағы уақытта жаңадан үйірме­лер ашылады ма?
– Біз өнер орталығы жанынан спорттық секциялар ашуды көздеп отырмыз. Жақында Нағи Ілиясов ауылында спорттық үйірмелер жұмысын бастайды. Балалардың спортпен шұғылдануына ерекше мүмкіндіктер қа­растырамақпыз. Дені сау ұрпақтың өсіп-жетілуіне барынша күш саламыз. Үйірмелер жұмысын арнайы жоба негізінде әрі қарай жандандыра береміз.

– Шәкірттеріңіздің жетістіктері жө­нінде айта кетсеңіз.

– «Сұлу-ай» шығармашылық өнер ор­та­­лығы ашылғанына көп уақыт болмаса да шәкірттеріміз республикалық байқаулардың жүлдегері атанып үлгірді. Мәселен, Дәулет­хан Көзейбай жас өнер­паздар бәсекесінде топ жарды. Жас дом­бырашы «Мәңгі жаса – жаң­ғыр­ған ұлы далам» тақырыбында өткі­зіл­ген ІІ республикалық рухани-пат­риот­тық байқауына қатысып, жүлделі І орын иеленді. «Домбыра» үйірмесінің мү­­шесі Жібек Сейдулла республикалық «Жар­­қын болашақ» өнер орталығының ұйым­дастыруымен өткізілген VI «Жарық жұл­дыз» балалар өнер байқауынан ІІ орынды жеңіп алды. Сонымен бірге Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толуына орай «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» тақырыбында өткізілген халықаралық бай­қаудан Іңкәрдария ауылындағы «Көр­кем сөз» үйірмесінің мүшесі Асылым Сұл­танова І орын иеленді. Бұл – ұстаз­дар­дың еңбегінің жемісі.

Айта кетейік, көк­темде шығармашылық кешімізді аудан орта­лығында өткізуді жос­парлап отырмыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
19 ақпан 2022 ж. 638 0