Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Мен өмірді жырлау үшін келгенмін"

"Мен өмірді жырлау үшін келгенмін"

Кеше аудандық балалар кітапха­насының ұйым­дастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғаны­на 91 жыл толуына орай «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әде­би-сазды кеш өткізілді. Кешке «Жыр жауһар» клубының мүшелері, кітапха­нашылар, ұстаздар қатысты.
Әдеби кеште «Жыр жауһар» клубының мүшелері поэзия мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарын жатқа оқыды. Сонымен бірге ақынның өмір жолына тоқталған кітапханашылар қонақтарға мол мағлұмат берді. Өз кезегінде аудандық мәдениет үйі­нің өнерпаздары Ақбота Талғатова мен Динара Жәкешова қаламгердің сөзіне жазылған бірнеше ән­ді шырқады. Бейнекөрініс арқылы балаларға ақын шығармашылығы кеңінен насихатталды.
– «Балалар жылы» аясында кітахана ұжымы бір­неше танымдық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаев­тың шы­ғармашылығын жан-жақты дәріптеу мақсатын­да «Жыр жауһар» клубы әдеби-сазды кешті ұйым­дас­тырған болатын. Балаларды кітап оқуға баулып, ой-өрісін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жасалуда. Бүгінгі кеште ақиық ақынның патриоттық, туған жер жайлы өлеңдерін балалар ынта-жігерімен оқып берді. Бұл ретте кештің мазмұнын аша түскен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып ұстаздары мен оқушыларына алғыс айтамыз, – дейді аудандық балалар кітапханасының мең­герушісі Гүлдана Әбенова.
Айта кетейік, аудандық балалар кітапханасының жа­нынан ашылған «Жыр жауһар» клубы 7 жылдан бері шығармашылыққа бейім балалармен тығыз байланыс орнатып келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 ақпан 2022 ж. 499 0