Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен өмірді жырлау үшін келгенмін

Мен өмірді жырлау үшін келгенмін

Апта ағымында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев 90 жылдығына орай аудан көлемінде бірқатар іс-шара өткізілді. Редакция қызметкерлері ақын рухын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты.

«Мұқағали – Хантәңір мұзбалағы» тақырыбында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі әдеби кеш ұйымдастырды.

Әдеби кеш барысында 9-сынып оқушылары Мұқағали Мақатаевтың өмір жолына шолу жасады. Сонымен бірге  ақын шығармашылығын кеңінен дәріптеді. Оқушылар  ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Өз кезегінде ерекше қабілетімен көзге түскен Жәния Аманбековаға жерлікті ақын Мұхтар Сақтаповтың кітабы сыйға берілді. Аталған мектепте машықтанушы болып жүрген Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бітіруші топ студенті Ақтолқын Абылаева мен  М.Әуезов атындағы  педагогикалық колледж бітіруші топ студенті Әлішер Маратов белсенділік  танытты. Мектеп оқу­шылары ақиық ақынның сөзіне жазылған әндерді жанды дауыс­та орындады. Дүниетанымы терең ақын шығармаларынан арнайы көрініс қойылды.

Танымды кеште №210 О.Әбіл­паттаев атындағы орта мектеп дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Друмова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Тұрғанкүл Әбутәліпова, Маржан Отарбаева, бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Таюпова сөз алып, ақын  Мұқағали Мақатаев туралы жиналғандарға айтып берді. Соңғы 12 жыл ғұмырында 8 шығармашылық жинағын жарыққа шығарған ақын­ның мол мұрасы жөнінде мол мағлұмат жеткізді.

Айта кету керек, мектеп оқу­шылары жергілікті ақындардың Мұқағали Мақатаевқа арналған өлеңің оқыса, Мәншүк Әкбарова өзінің жыр шумақтарын ұсынды.  

Балтабай ОРДАБЕКОВ




13 ақпан 2021 ж. 1 025 0