Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚТЫҢ МҰЗБАЛАҚ АҚЫНЫ

ҚАЗАҚТЫҢ МҰЗБАЛАҚ АҚЫНЫ

Жақында Сырдария агро-техникалық колледжде қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әдеби-сазды кеш өтті. «Есіңе мені алғайсың» тақырыбындағы шараны колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гауһар Рахменшаева мен музыка жетекшісі Серік Байдәулетов ұйымдастырды.
Өткен ғасырдың поэзия тарландарын қозғағанда ғажайып ақындардың бірі М.Мақатаевты айтпай кету мүмкін емес. Тіпті, көпшілік оған «поэзияның асқар шыңы» деп баға берген. Оның барлық еңбегі тұтастай алғанда қазақ поэ­зиясында асыл мұра қатарына жатады. Ақынның өлеңдерін білмейтін, оның поэзиясымен таныспаған жан жоқ шығар. Әр өлеңінде, әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр тұнып тұр. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның мәнерін біліп, мінез-құлқын танимыз. Оның барлық тақырыптардағы лирикалық өлеңдері бүгінде ән болып шырқалып та жүр. Өз заманында ақын ретінде лайықты бағасын ала алмаса да бүгінде қазақ үшін Мұқағали Мақатаевтың орны бөлек, мәртебесі асқақ.
Лирик ақынға арналған шарада оның өмірі мен шығармашылығына байланысты бейнеролик көрсетілді. Онда өлеңдері мағынасымен, шынайлығымен, тазалығымен оқырманға ой салып, бау­­рап алатындығы айтылды. Сондай-ақ, шара барысында колледж студенттері А.Абдуллаева, А.Сүйеніш, А.Шарапи, Ж.Сырым, А.Ералханұлы, Т.Сағындықова, Б.Мұратбекова, А.Сайып ақын лирикасына тоқталып, бір-бір өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Оған қоса, А.Өтебаев, Л.Дышкант, Н.Жақсыбаева, С.Қуаныш, А.Сәтпен ақын өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Әсерлі өткен кеште колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Күзербаева сөз сөйлеп, жастардың талантты ақынның өлмес мұрасын жатқа білетіндеріне қуанатынын жеткізді. Өнерпаз студенттерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғ.Нұрланов өнерлі студенттерді диплом және сыйлықпен марапаттады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
06 ақпан 2019 ж. 1 039 0