Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер мектебінің жұлдыздары

Өнер мектебінің жұлдыздары

Аудандық өнер мектебінде «Қобыз» сыныбы бойынша дәріс беретін Сәрсенкүл Түгелбаева сүйінші жаңалықпен редакцияға келген болатын. Білікті ұстаздың шәкірттері облыстық және халықаралық байқаудан жеңімпаз атанған екен. Бұл ретте, біз ақжолтай жаңалықты оқырманға қауымға жеткізуге асықтық.

Өнер мектебінің түлектері орасан жетістікке жетті. «Қобыз» сыныбының 5-сынып оқушысы Анар Дүйсенбай Өңірлік ХVII жас­тар Дельфийлік ойындарының облыстық кезеңінің «Прима қобыз» номинациясы бойынша жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Байқауда өнерлі өрен І орынды жеңіп алды. Аталған байқауда жеңімпаз атанған қобызшы ару республикаға жолдама алды. Өнерлі оқушы республикалық және халықаралық байқаулардан топ жарып жүр. Ал 5-сынып оқушысы Аңсаған Мәлікқызы Бәку қаласында өткізілген халықаралық онлайн фес­тивальден 3-орын иеленіп, лауреат атанды. Сонымен бірге білікті ұстаздың тағы бір шәкірті Гүлім Мейрамбекова Канада мен Украина елдерінде өткізілген халықаралық фестивальден 3-орын жеңіп алды.

– «Қобыз» сыныбын биыл тәмамдаған түлектерім үлкен жетістікке жетті. Ұстаздың еңбегі – шәкірттің жетістігімен өлшенетіні мәлім. 2 оқушым халықаралық, 1 оқушым облыстық дәрежеде өнер көрсетіп, мәртебемізді биіктетті. Олардың өнерін жоғары бағалаған байқау ұйымдастырушылары шын таланттардың бағын ашты. Жоғары дәрежедегі байқауларда өнер көрсеткен шәкірттерім мол тәжірибе жинақтай білді, – дейді білікті ұстаз Сәрсенкүл Түгелбаева.

Айта кету керек, жоғары дәрежедегі оқушыларды дайын­дағаны үшін Сәрсенкүл Түгелбаева арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.
15 маусым 2021 ж. 574 0