Білімнің жағып шырағын
Ұлағатты ұстаз атану кез келген адамға бұйырмайды. Қасиетті де қадірлі мамандықты жүрегі таза, жаны ізгілікке толы адам ғана игере алады. Аудандағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің жоғары санатты мұғалімі, педагог-зерттеуші, мектеп тренері Ажар Әбдіреева – алдына үлкен мақсат қойып, оған аса жаупкершілікпен қарап, адамгершілігімен, адал ниетімен абыройға кенелген ардақты ұстаз. Биылғы жылдың қорытындысымен «Жыл ұстазы» атанған қадірменді жан саналы ғұмырында шәкірттердің жүрегіне жол тапты.
Дүние есігін ашқан баланың алғашқы ұстазы ата-анасы болса, өмірдің жалғасы болған ұрпақтың санасына жарық сәуле сыйлаушы – оның ұстазы. Құрметті де қасиетті мамандық иесі Ажар Қалыбекқызы – ширек ғасырдан бері педагогикалық шеберлікті меңгерген, өзін де, өзгені де жетілдіре білетін рухани бай мұғалім. Оқушыларға география пәнін меңгертуде барын салатын ұстаз білім нәрімен сусындатып қана қоймай, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытуға өмірін арнап келеді.
Мәртебелі мамандық иесінің өнегеге толы өмір жолы дүниеге келген 1975 жылдан басталады. Аудандағы Н.Ілиясов ауылындағы Қалыбек аға мен Болған ананың отбасында 6 баланың ортасында тәрбиеленеді. Болашақ мұғалімді мектеп қабырғасында жүргенде-ақ география пәнінен сабақ берген ұстазы «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин медалінің» иегері Мейрамкүл Байменова ерекше қабілетін аңғарады. Түрлі білім сайыстарына апарып, пән олимпиадаларына қатыстырады.
– Ата-анам – қарапайым жандар. Әкем шаруашылықта күрішші, бригадир болды. Кезінде шаруашылықта комсомол жастарына жетекшілік етіп, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүретін. Анам ауылдық амбулаторияда акушерка болып, талай сәбидің кіндік шешесі атанды. Бүгінде арамызда анамыз бар. Барлығымыздың оқу оқып, жақсы азамат болып, елімізге қызмет етуіміз ең алдымен ата-анамыздың арқасы. Қазір ұстаздық жолды таңдаған әпкем Жанар, інім Рүстем, келінім Ләйла және өзім ата-анамыз артқан сенімін ақтап келеміз. Отбасымызда мұғалімдерден басқа дәрігер, зертханашы да бар, – дейді Ажар Қалыбекқызы.
Мектеп қабырғасынан шығып, жаңа өмірге қадам басқан жас түлек мақсатына қол жеткізу үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің география және экология мамандығы бойынша оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай бітірген соң алғашқы еңбек жолын туған ауылында бастады. Осындағы Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектепке 9 жылға жуық еңбек етті.
Мұғалімдік жолын 2005 жылдан бастап №35 мектеп-лицейде жалғастырды. Қазір соңғы 16 жылдан бері осы білім ордасында география пәнінен сабақ береді.
Мәртебелі мамандық иесі – шығармашылықпен жұмыс жасайтын білікті ұстаз. Қызылорда облысының Сыр өңірі педагогикасының дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан үздік педагог есімі «200 жылдық тарихы бар Сыр өңірі педагогикасының қадірлі 200 есім» атты антологиясына енді. Шәкірттері жақсы жетістікке жетіп, пән олимпиадаларында, ғылыми жоба қорғауда жүлделі орындарға ие болуда. Бәрі – еңбектің, ізденістің жемісі.
Атап айтқанда, білікті ұстаздан дәріс алған, Ұлттық бірыңғай тестілеуде география пәнін таңдаған оқушылары С.Исмағұлова, Е.Аманулла, Н.Аманулла – ұстаз есімін ұлықтаған мектеп-лицей мақтаныштары, «Алтын белгі» иегерлері. Сынып жетекшісі ретінде 2 «Алтын белгі», 5 «Үздік аттестат» иегерін шығарған ұстаз шәкірттерінің бойына білім атты асыл қазынаны сіңіруде абыроймен еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, Ажар Қалыбекқызының шәкірті Жанболат Нұрмағанбетұлы бүгінде география магистрі дәрежесін алып, ұстаз абыройын асырды.
– Ұстаздың жасаған еңбегі келешегі жарқын жастардың бақытты өмір сүрудің кепілі деуге болады. Мамандығын жаңылмай таңдаған шәкіртіміздің әрбір жетістігіне марқайып қаламыз. Жан дүниесін байытып, өмірдің өткелдерінен сүрінбей өтуіне тілектес болып отырамыз. Бастысы, жақсы азамат болып қалыптасуына кішкентай болса да үлесімізді қоссақ, ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ. Барлық марапаттан да артық дүние – шәкірттеріміздің жетістігі. Ал ұстаздық жолда аянбай тер төгіп, шығармашылық әлеуетті арттыру, өзін-өзі жетілдіріп, ізденіп, біліктілікті арттыру талабының үдесінен шығу – мұғалімнің міндеті. Атақ та, абырой да маңдай термен келеді. Еңбегімізді бағалап, «Жыл ұстазы» атануыма қолдау білдірген барлық әріптестеріме, білім бөлімі мен мектеп басшылығына алғысымды білдіремін, – дейді білікті ұстаз А.Әбдіреева.
Аяулы ұстаздың шәкірттері Майра Жұпарбаева, Жанболат Нұрмағанбетұлы, Гүлнара Бекенова, Гүлжан Бисенбаева, Эльмира Бисенбаева – ұстаздық жолды таңдап, география пәнінің мұғалімі атанған жас мұғалімдер. Олар ардақты ұстаздарымен үнемі хабарласып, ардақты жанға алғыс айтудан жалыққан емес.
– Ауылда мектепте оқып жүргенімде Ажар апайдың сабағын асыға күтетінмін. География әлеміне қызыққаным сонша, болашақта мұғалім боламын деп шештім. Мақсатыма жетіп, ұстазымның жолын таңдадым. Апайдың сабақ беру әдісі, білімділігі керемет. Қазір мамандығымның нағыз шебері болуға барымды салып келемін. Сүйікті ұстазымдай адамгершілігі мол, білімді болу, оқушыларға сапалы білім беру ең негізгі мақсатым, – дейді биылғы жылы әріптестері арасында үздік атанған, «Абзал және К» ТС арнайы жүлдесіне ие болған Г.Бисенбаева.
Білікті ұстаз А.Қалыбекқызы – «Қазақстан педагогикасының қайраткері» орденінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатының» иегері. Өткен оқу жылының қорытындысымен жаңашыл ұстаз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің арнайы төсбелгісімен марапатталды.
Педагогика саласының үздігі Ажар Әбдіреева – отбасында сүйікті ана, асыл жар. Жұбайы Андижан Рамаш аудандық құрылыс бөлімінде еңбек етеді. Ерлі-зайыптылар бір ұл тәрбиелеп отыр. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді бітірген ұлы Ержан Бақытбек – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті, болашақ ақпараттық технология мамандығының иесі.
Қай кезде де ұлағат жолын алдыңғы кезекке қоятын, өзгенің уақытын аялап, өз уақытын аямайтын ұстаздың мәртебесі, алар асуы биік болғай!
Бибісара ЖАНӘЛІ
Пікір 1