Ертегілер еліне саяхат

Майра Нәжіматқызы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса да оқушыларды ертегілер елімен сусындатып, қиялдарының ұшқыр болуына бағыт беріп келеді. Балалардың бойына сахна мәдениетін сіңіруде. Ол оқу жылы басталғалы бері оқушылармен бірлесіп, Отелланың «Шекспир», «Красавица и чудовище» ертегісін мектеп сахнасында жоғары дәрежеде көрсеткен болатын. Ұлағатты ұстаз М.Есқалиева жаңа жылдық ертеңгілікке орай шығармашыл шәкірттермен бірге Теодор Амадей Гофманның «Щелкунчик» ертегісін сахналады. Осы ертегіні мектеп сахнасында сахналауға қатысқан оқушылардың барлығы дерлік ұлағатты ұстаздың басшылығымен керемет ойнап шықты. Олардың өздерін ұстауы, сахнада жүріп тұруы үйлесіп тұрды. Мектептегі ертеңгілікке бастауыш сыныптың барлық оқушылары мен ата-аналары қатысып, ертегінің жоғары деңгейде сахналанғанына дән ризашылықтарын білдірді.
Майра Нәжіматқызы шет ел ертегілерімен қатар қазақ ертегілерін де оқушылармен бірге сахналауды ұдайы жүргізіп келеді. Жаңа жылдық ертеңгілік соңында мектептің ардагер-ұстазы Мейрамкүл Серікбайқызы тамаша өнер көрсеткен оқушыларға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Кезінде осы мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген ұлағатты ұстаз оқушылардың театр әліппесін де жақсы меңгергендігін атап өтіп, алда биік белестерге шығуларына тілектестігін білдірді. Осылайша Жаңа жылдық мереке мектеп-лицейдің бастауыш сыныптарында әсерлі, қызықты өтті.
Сәуле НҰРАДИНОВА,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы
мектеп-лицейдің мұғалімі