Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарашаның қыры мен сыры

Қарашаның қыры мен сыры

Бүгін қарашаның ызғары тіпті өн бойыңнан өтіп кететіндей суық. Қоңыр күздің соңғы айы екенін табиғат ана сезіндіріп тұр. Осы шақты неліктен қараша деп атаған деген сауал еріксіз ойға оралады. Ызғарлы қара суық күшіне мініп, терістіктен соққан ызғырық жел қыс айы басталмай мазаны қашырды. Таң атқаннан басталған жа­уын тоқтаусыз жауып, жаңбырдың соңы қылаулаған қарға ұласты. бұл алдағы қыс маусымының алғашқы қары болатын.
Жылдың осы мезгілінде «Қараша келмей, қар жау­мас» дейді ел. Егер қар қарашаның алғашқы күндерінде түсіп, ерімей жатып қалса, халық «қыс ұзақ болады» деп айрықша қамданған. Осы айда адамды, малды ықтырып, бет қаратпайтын суық жел соғады. Оны ел арасында «ықтырма жел» деп атайды. Қарашаны айтқанда үлкен мен кішінің ойына ең алдымен ай атауы екені және қазақтың дана, ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың:
Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай,
Қыстың басы, бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Өлеңде қазақы қоңыр тіршілік суреттелген. Бұл мезгіл елдегі тірліктің абыр-сабыры басылатын шағы. Көз алдыңа ала жаздай жүзін күн сүйген шаруаның қолы босап, жылы үйінде ет асып, мамыражай отырған сәті келеді.
Табиғат көрінісінде аспанда қиқулап ән салған құстар жылы жаққа бет алып, туған мекенімен қоштасқандай. Жыл құстарының соңы болып, ай атымен аталатын түсі қоңыр келетін қараша қаздар тізбектеліп ұшып барады. Көнекөз қариялардың айтуынша, қараша айының атауы табиғи өзгеріске және халықтың тұрмыстық ахуалына байланысты қойылған. Ғалым Б.Куфтиннің зерттеуі бо­йынша, бұл айда жер қара-қоңыр топырақ болып, жаздай малдың тұяғы таптаған өріс тозып, қара балшыққа айналып, қатып-сеңіп жатқан кезіне сәйкес қойылған. Ал мына бір дерек тіпті қызық. Зерттеуші М.Искаковтың дерегі бойынша, ертеде «ақсүйек» аталған хан тұқымдары мен ірі феодалдарға «қара бұдын» еңбекші халық төлейтін «хараж» деп аталатын салық осы айда жиналатын болған. Салықты диқандар астықпен, көшпелілер малмен төлеген. «Қара мал» атауы – осы харажға берілетін мал атауынан шыққан. Бұл деректерге қарағанда, қараша – хараж айы, яғни жылдық салықты төлеп бітіретін ай деу­ге болады.
Бұл пікірді мүлде теріске шығарған зерттеуші О.Әбутәліпов «Қараша айының атауы хараж салығына қатысты емес, жердің қара қошқылданып, өрістің тапталып, қураған шөптің қара батпаққа айналып жатқан бейнесі сипатталатын кезбен сәйкес қойылған» дейді.
Қарашаның үшінші онкүндігінде «Үркер» батып, қыс тоқсанның басы басталады. Сол себептен қазақ халқының тұрмысында алдағы суықтарға шыдамайтын кәрі-құртаң, көтерем малдарды сойып, күз соғым жасайды. Осыдан ел ішінде «Қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал сақталған. Мұндағы қауыс сөзі – араб сөзі. Бұл қараша ай дегенді білдіреді. Қараша-желтоқсан айларында киіктер үйірге түсіп, көктемде лақтайды. Халықтың бақылауы бойынша киіктің үйірге түсетін, лақтайтын кезінде күн райында айтарлықтай өзгерістер болады. Қазақ ондай өзгерісті «амал» деп атайды.
Қараша атауына байланысты бабадан қалған аңыз бар. Ол туралы сырбойылық қаламгер Дүйсенбек Аяшұлы жазады. Аңыз Қоңыраттың үлкен бір аталық тармағы атымен аталатын Қараша батыр туралы.
Халық «Көктің ұлы» деп атаған Тәңірберген хан тоқсан жасқа таяғанда түс көріп, билікті шөберемнің емес, шөпшегімнің ішінен біреуі ұстайды деп жорыпты. Сөйтіп, шөпшектерін барлап қараса, барлығы асық ойнап, асыр салып жүреді. Ал тоқалдан туған Қараша деген шөпшегі кітап оқып отырады. Қараша он жасқа толар-толмас шақта екен.
Тәңірбергеннің бас уәзірі ханның талай сынынан өтіп, сеніміне кірген адам болыпты. Хан осы бас уәзіріне:
– Мен өле қалсам, тақты саған тапсырамын. Шөпшегім Қараша он төртке толғанда сен тақты оған бересің. Бәйбішенің балалары жол біздікі дер. Олардың жауласуына жол берме, осыған уәде ет, – депті.
Бас уәзір уәде береді. Хан бақилық болып, орнын уақытша бас уәзір басады. Осы кезде елдің бәрі у-шу болып, «тақтың өз мұрагерлері бар, тақ соған берілсін» деп дау шығады. Сонда бас уәзір халыққа ханның аманатын жеткізіп, тақтың иесі Қараша болатынын айтады. Мұны естіген бәйбішеден туғандар Қарашаға қастандық жасау­ды ойластыра бастайды. Бас уәзір мұны біледі де, баланы атқа мінгізіп, жанына серік қосып, алысқа аттандырады. Сапар барысында олар бір ауылға түседі. Бұл ауылда күн сайын аппақ құсты аспанға ұшыратын әдеті болған. Құсты көпшілік «бақыт құсы» деп атапты. «Құс кімнің басына қонса, соны хан болуға лайық деп есептейміз» деген пәтуалары болған. Бірақ құс әлі ешкімнің басына қонбапты.
Бала Қараша мен серігі осы ауылға келгенде жұрт тағы да бақыт құсын ұшырып көрмекке жиналып жатыр екен. Қызықтап бұлар да барады. Ұшқан құс бұл жолы топтың шетінде тұрған Қарашаның басына келіп қонады. Жұрт баланы танымайды.
– Қаңғырып жүргендер ғой, – дейді біреу дауыстап.
– Қаңғырып жүргенге хандық қайда, қайта ұшырың­дар, – деп ақсақалдар құстың бұл қонуын құп алмайды. Ұшқан құс тағы да Қарашаның басына қонады. Жұртшылық таң қалады.
– Ер кезегі үш деген, тағы да бір ұшырып көрейік. Егер бақыт құсы бұл жолы да қайыршыға қонса, онда алжығаны, – дейді ауыл биі.
Қызығы сол, құс тағы да Қарашаның басына қонады. Осы кезде ақсақалдар балаға назар аударып, оның кім екенін сұрайды. Сонда қасындағы серігі оның бар жағдайын айтып береді. «Ханға лайық жан осы екен» дейді жұрт. Сөйтіп, ауыл халқы бақ құсы қонған Қарашаны он төрт жасқа толғанда киізге салып хан көтереді. Уақытша билікте отырған бас уәзір Тәңірберген ханның аманатын орындап, тақты Қарашаға беріпті.
Қазақтың салт-дәстүрінде де қарашаға байланыс­ты атаулар бар. Мысалы, қараша үй, қараша халық. Қараша үй немесе қоңыр үй көбінесе күз айларында – қарашада көп тігілген киіз үй. Киіз үйге ыс сіңгендіктен түсі қоңырқай тартып кетеді. Көлемі де шағын болады. Көбіне онда тұрмысы төмен отбасылар тұрған. Ал ауқатты адамдар қараша үйді сәнді үйлеріне қоруыш ретінде, ас-су қоятын, тамақ істейтін және т.б. пайдаланған. Қараша халықтың мән-мағынасы қалың, көп дегенді білдіріп, сөз тіркесі ретінде қолданылады. осыларды тізбектей келіп, қараша атауының қыры мен сырына тоқталдық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 қараша 2019 ж. 1 159 0